Шымкенттегі Бадам өзенінде балық қырылды
Шымкенттегі Бадам өзенінің балығы жаппай қырылып жатыр. Өзен жағасына шығып қалған өлекселерді алғаш жергілікті тұрғындар байқаған.
Жұрт өзен суы ластанды деген пікірде. Салдарынан сезімтал балықтар жойылып жатыр дейді. Мәселенің мән жайын анықтау үшін экологтар мен жауаптылар оқиға орнына барды.
Бұл кадрды жергілікті тұрғындар түсіріп әлеуметтік желіге салған. Видеода Бадам өзенінің жағалауында тұқы тұқымдас балықтың қырылып жатқанын байқауға болады.
Одан бері бір тәулік өтсе де, жағдай сол күйі. Өзен бойы өлген балыққа толы.
Ержан Сәмбетов, тұрғын:
- Бұл өзенде енді кемі 4-5 жыл балық болмайды. Екіншіден, Бадам өзені Арыс өзеніне құяды. Десек Арыс өзенінде де балықтар қырылып жатыр. Арыс өзені Сырдария өзеніне қосылады. Сонда бұл жерде кім жауап береді? Әкімдік жауап бере ме, экологтар жауап бере ме?Не үшін келіп тексермейді.
Экологиялық жағдайға жауаптылар бірден назар аударды. Өзеннің бірнеше жерінен сарапта жасап, мәселенің неден пайда болғанын да анықтап үлгерді. Олардың мәліметінше, жағалай орналасқан мекеменің бірінен сарқынды су төгілген.
Сергей Ефремов, эко белсенді:
- Өзенге өте көп залал келген. Зиянды зат барлық бөлігіне тарап, барлық балығы қырып қалғандай. Тұрғындар болса өлген балықтарды қаппен жинап жүр. Уланған бұндай балықты алмау керек, тұтынбау керек.
Көп ұзамай сарқынды су аққан кәріз құбыры да анықталды. Қазір тесілген тұсы бітеліп, кімнің иелігінде екені анықталып жатыр.
Ермахан Қозыбаев, Шымкент қалалық экология департаментінің басшысы:
- Департамент мамандары судың сараптамасын алып, қазіргі уақытта қандай зиянды заттардың ластағаны анықтап жатыр. Түскі сағат 12:00-ге жақындағанда ол жердегі құбыр тесілген. Сол құбырды оқшаулау жұмыстары жасалып, қазіргі таңда сарқынды сулар өзенге түсіп жатқан жоқ. Жалпы заңды бұзған мекемеге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр.
Бадам өзенінде 2021 жылы да балық қырылған. «Ол кезде судың температурасы мен сапасының өзгеруі салдарынан балық өлді», - дейді жауаптылар. Бүгінде өзен жағдайы белсенділерді алаңдатып отыр. Себебі арна іші тұрмыстық қалдыққа толған. Сондықтан жергілікті биліктен назар аударуды сұрап отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Катерина Попкова