Қымбат авиаотын: тапшылық пен импорт

Қазақстан халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде таныла ала ма?

 Бұл істе үміттен күдік басым. Неге десеңіз, елімізде авиаотын бағасы көрші елдерге қарағанда әлдеқайда қымбат. Мұны Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысының өзі атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Таяуда өткен кеңейтілген кеңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі болып отырғаны айтылды. Оның бағасы тым қымбат, көрші елдердің әуежайларындағы бағамен бәсекелесе алмайды. Өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара алтыны жоқ мемлекеттермен авиакеросин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырмыз».

Азаматтық авиация комитеті өкілінің сөзінше, авиаотын құнының қымбат болуына басты себеп - ішкі нарықтағы тапшылық. Шымкент, Атырау және Павлодар қалаларында орналасқан 3 мұнай өңдеу зауыты арқылы жылына 700 мың тоннаға жуық авиаотын өндіріледі. Алайда біздегі тұтыну көлемі 1 миллион тоннадан асады. Сұраныс ұсыныстан асып түскен соң әлбетте импорттық өнімге жүгінуге тура келеді. Сәйкесінше бұл баға өсіміне әсер етеді.

Ержан Ғалымжанов, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті басқарма басшысының м.а.:

 «Қазіргі уақытта Қазақстан әуежайларында ұлттық компания «Қазмұнайгаз» аэро компаниясы шетелдік әуе компанияларға тоннасына 1000 доллардан авиаотын сатып жатыр. Бұл шаралар ағымдағы жылдың 1 қаңтардан күшіне енді. Былтырғы жылғы желтоқсан айында әуежайларда авиаотын бағасы 1300-1200 доллар болған. Сонымен қатар ағымдағы жылдан бастап импортталған авиаотын қосылған құн салығынан және кедендік баждан босатылған. Бұл шаралар импортталған авиаотын бағасын төмендеді деп сенеміз».