Павлодар облысында су тасқынына дайындық жоспарға сай атқарылды

Павлодар облысында былтырмен салыстырғанда қар екі есе көп жауды.

Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» мамандарымен бірлесіп өңірдегі ақ ұлпа қоры деңгейін анықтау үшін аудандарға шықты. Мұндай жұмыстар метеобақылау тұрақты жүргізілмейтін аумақтарды қамтиды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Аптаның аяғына қарай ауа температурасы 2-3 градусқа дейін жылынады деп жатыр. Қазіргі уақытта мамандар қар жамылғысының қалыңдығымен құрылымын өлшеу жұмыстарын жүргізуде. Жиналған деректерге талдау жасалып, соның негізінде тиісті болжамдар әзірленеді. Биыл жауын-шашын мөлшері жылдағыдан көп түскен. Осыған байланысты мамандар алаңдауға себеп бар екенін айтады.

Қардың көп мөлшері Павлодар мен Ақсуда, сонымен қатар Аққулы және  Шарбақты ауданында  байқалды. Көрсеткіш шамамен 33-99 процент шамасында.

Оксана Овсянникова, "Қазгидромет" РМК гидрометеорологиялық бөлімінің басшысы:

- Қардың биіктігін әрбір оныншы нүктеде өлшейміз. Сол жерде тығыздығын анықтаймыз. Алынған мәліметтер негізінде қажетті есептеулер жүргізіледі. Сондай-ақ қар қабатының астында мұз қабыршағының  бар-жоғы тексеріледі. Себебі ерігенде судың жерге сіңуіне кедергі келтіреді.

 Екі жыл бұрын Рождественка ауылын су басып, бірнеше үй бүлінген. Сол жағдайдан кейін тасқынға қарсы 3,5 шақырымға жететін бөгет салынды. Жалпы ауылдық округтерде қар шығару жұмыстары осы айдың ортасынан басталады.

Иван Яресько, Рождественка ауылының тұрғыны:

- Ауылымызды тасқын судан қорғауға бағытталған бірталай жұмыс атқарылды. Су ағатын құбырлар орнатылып, су жүретін канал мен еріген қарды жинайтын қазандық салынды.

Өңірде 153 шақырым қорғаныс үйінділері нығайтылып, 36 су өткізу құрылғысы жөндеуден өтті. Ал Баянауыл ауданында гидромелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобалар аяқталды. Бұдан бөлек Ертіс пен Сілеті өзендерінде мұз жару жұмыстарын жүргізуге қатысты төрт келісімшарт жасалды. Бұл 17 елді мекенде су басу қаупін төмендетеді.

Жомартбек Әлімханов, төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

- Су тасқынының салдарын жоюға арналған күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Оның құрамына 1871 жеке құрам, 769 бірлік техника 21 жүзу құралдары  және 357 мотопомпа енгізілді. Облыс бойынша 47 мыңнан астам қап, 1347 тонна инертті материал, 155 тонна жанар-жағармай құралды.

Павлодар облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр. Мамандар жағдайды күнделікті бақылап отыр.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков