Қарағанды облысында өрт сөндіру бөлімі ашылды
Қарағанды облысында өртке қарсы бөлімшелердің әлеуетін күшейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қызметкерлердің жауынгерлік арнайы киімдері жаңартылып, авариялық-құтқару, байланыс құралдары және техника сатып алынды. Жаңғырту шаралары аудандардағы ескі өрт сөндіру бөлімдерін де қамтып отыр. Қазір ескірген нысандар кезең-кезеңімен қайта жаңа кейіпке еніп келеді. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде өртке қарсы жаңа бекеттер ашыла бастады.
Қарағанды облысында өрт-құтқару қызметін жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Былтыр Теміртауда және Қарқаралы ауданындағы бөлімшелерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Өрт қызметінің автопаркі 50-ден астам арнайы техникамен толықса, биыл тағы бес әмбебап көлік алынбақ. Аудандардағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында өртке қарсы 66 бекет жұмыс істеп тұр. Келешекте тағы 18-і салынады. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және азаматтық қорғаныс саласын күшейтуге мүмкіндік береді.
Еркін Отарғалымұлы, ТЖД бастығының орынбасары:
- Төтенше жағдай министрлігінің материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүргізіп жатқан жүйелі және жоспарлы жұмысы. Жаңа талаптарға сәйкес жеке құрамның қызмет өткеруіне барлық жағдайлар жасалған. Болашақта бұндай жоспарларды облыс аумағында іске асырамыз деген ойымыз бар.
Сонымен қатар Шет ауданындағы №14 өрт сөндіру бөлімінде де толық жаңғырту жұмыстары аяқталды. Мұндағы қызметкерлер 22 мыңнан астам тұрғыны бар тоғыз елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұған дейін бөлімше 60 жыл бұрын салынған ескі ғимаратта орналасты.
Нұрсұлтан Советов, №14 өрт сөндіру бөлімінің командирі:
- Көп нәрсе, көп техника жетіспеген болатын. Қазір енді бізге часть салғалы заманауи аппараттар әкеліп, жағдайымызды жасап жатыр. Жақсы, жақсы машиналар әкелді. Сенім артып беріп жатқан соң халыққа көмектесіп, жақсы жағынан көрінеміз.
Өрт сөндіру бөлімі тәулік бойы кезекшілік атқарады. Мұнда оқу сыныптары жабдықталған. Газ-түтіннен қорғау қызметіне арналған бекет те қарастырылған. Ал жеке құрамның дене дайындығын сақтау үшін спорт залы салынды.
Бөгенбай Тоқбергенов, Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны:
- Ауданның басында үлкен бір қуаныш болып жатыр. Осында менің кенже ұлым да істейді. Келешекте қандай да бір өртке, нелерге жақсы дайындықта болатын шаруа ғой бұл жақсы. Техникаларының барлығы жаңа екен, көріп жатырмыз, ішінің барлығы жақсы.
Облыста былтыр 59 жиынтық жауынгерлік киім, гидравликалық авариялық-құтқару құралдары, радиостанциялар, спутниктік телефондар, бейнетіркегіштер, ұшқышсыз ұшу аппараттары және өрт сөндіру жеңдері сатып алынды. Биыл өрт бөлімдері үшін екі автосаты алуды жоспарлап отыр.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит