Абай облысында балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқарма құрылады

Қазір қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Мен және Заң» форумында айтылды.

 Жергілікті әкімдік, прокуратура және бала құқығы жөніндегі уәкіл үш жақты меморандумға қол қойды.

2024 жылдан бастап аймақта жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған «Мейірім» акциясы жүзеге асып келеді. Жоба балаларға өмірлік дағдыларды меңгеріп, қиын сәтте қолдау көрсететін сенімді орта табуға мүмкіндік береді. Қазір 222 бала түрлі мекемелер мен білім ұйымдарының ұжымдарына бекітілді.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Бүгінгі басқосудың маңызы ерекше. Қоғамда балалар құқын қорғау, олардың бақытты балалық шақты өткеріп, кеудесі үмітке толы, өздеріне сенімді азамат болып өсуіне барлық жағдайды жасау – барлығымыздың ең басты міндетіміз.

Президент Ұлттық құрылтайда заң мен тәртіптің бәріне ортақ екенін атап өтті. Осы бағыттағы өңірлік шаралар қоғамда заң үстемдігін күшейтіп, өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға және жауапты азамат тәрбиелеуге жол ашады, дейді мамандар.

Мейіржан Қалиасқаров, облыс прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы:

Барлық мемлекеттік, құқық қорғау органдарына жүктелген Мемлекет басшысының тапсырмасы. Заң мен тәртіп идеологиясын насихаттау барысында біз былтырдан бері қолға алған жастарды жастардың тілінде тәрбиелеу және оларды мына тәртіпке шақыру.

Әйгерім Маратова, студент:

- Мұндай шараларды өткізе отырып, біз болашақ заңгер ұстаздар ретінде елімізге және балалардың болашағына жақсы әсер қалдырамыз деген үміттемін.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өңірде «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында балаларды психологиялық қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс күшейтілді. 2024 жылдан бері өңірлік әдістемелік орталық мыңнан астам балаға қолдау білдірді. Жоба аясында 25 білім беру ұйымында зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға арналған қосымша сабақтар енгізіледі.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков