Су тасқынының алдын алу шаралары қабылданды
Биыл су тасқынына алаңдауға негіз жоқ.
Су ресурстары және ирригация министрлігі осылай деп отыр. Мемлекеттік органның мәліметінше, дайындық аясында 267 шақырым өзен арнасы тазартылып, су тасқыны қаупі бар учаскелерді реттеу үшін арнайы Жол картасы әзірленді. Абай облысындағы Шар, Шымкенттегі Ақжар, Ақтөбе облысындағы Шолақ бөгеттері күрделі жөндеуден өтті. Қостанай облысында бір бөгет реконструкцияланды. Дегенмен, тексеру барысында гидротехникалық құрылыстардың 557 нысаны жөндеуді қажет ететіні анықталды. Қазіргі таңда 90 нысанға жөндеу жобалары әзірленіп жатыр. Ал 39 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- Бұл ретте су қоймаларының бос сыйымдылығы шамамен 13,9 км3 құрайды, бұл тасқын суларды қабылдауға және су тасқынын басқарудың маневрлік қабілетіне айтарлықтай резервті береді.