Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары

Өскемен аумағында су тасқыны қаупі жоғары 11 аймақ белгіленді. Бұл жерлер Ертіс пен Үлбі өзенінің жағасына жақын орналасқан.

Көктемде еріген қардың елді мекенге кіру қаупі бар. Сол себепті құтқарушылар коммуналдық сала мамандарымен бірлесіп су тасқынының алдын алуға кірісті.

Үлбі жиегіне арнайы техника жеткізіліп жатыр. Суы қатып тұрған кезде жағалауға биіктігі 4 метр болатын тас бөгеттерді салу жоспарланған. Бұл бағыттағы шаралар 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Арна толған жағдайда, су басуы мүмкін аймақтарды мамандар жақсы біледі. Өзеннің ұзындығы 100 шақырым, тереңдігі 3 метрдей. Ағысы қатты. Осыны ескерген құтқарушылар жағалауды бекіту жұмыстарын бақылауға алды.

Асылан Қапаев, қалалық ТЖБ аға офицері:                           

- Арнайы бекітілген жоспарға сәйкес, алдағы су тасқыны маусымына дайындық іс-шараларын өткізудеміз. Ең біріншіден, Қазгидрометпен бірлесіп судың және  қардың деңгейін қараймыз. Қаншалықты қардың жиналғанын және де ауа райының қалай өзгеретіндігіне бірлесіп істейміз.

Өскемен аумағын 4 өзен кесіп өтеді. Су көлемі бойынша ірілері - Ертіс пен Үлбі. Қала ішіндегі су бұру арықтарының жалпы ұзындығы 27 шақырым. Шаһар әкімдігінің мәліметінше, жыл сайын дренаж жүйені еріген қардан бөлек тұрмыстық күл-қоқыстан да жиі тазартуға тура келеді.

Александр Карпов, қала әкімдігінің ТЖ жөніндегі бас инспекторы:

- Жағдайдың ушығуына тұрғындардың іс-әрекеті де түрткі болады. Көпшілік қар тазарту кезінде арықтардың жағасына жинайды. Көктемде еріген кезде ағын сумен қатар тұрмыстық қалдықтар суағарларды бітеп тастайды.

Су тасқынынан қорғау шаралары облыстың барлық ауданында жүріп жатыр. Мамандардың болжамынша, биыл аймақта 70-тен астам елді мекенді су басу қаупі жоғары. Сондықтан қазірден бастап бөгеттерді жөндеуге басымдық берілді. Әсіресе таулы жерлерде орналасқан ауылдарда өзен жиегін нығайтуға күш салынып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабақанов