Елде «Баланың жолы» цифрлық жүйесі жасалады
Елде келер жылдан бастап еGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады.
Ол «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейді. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар осы жүйеде ұйымдастырылады. Сонымен қатар әр баланы жеке қолдау мақсатында қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі. Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерге жаңа талаптар белгіленіп, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар қамқоршылық органдарының мамандарына жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді. Елде 7 млн-ға жуық бала бар. Олар халықтың 34%-ын құрайды.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Қазіргі таңда балаларды қорғау жүйесін 14 мыңнан астам қызметкер қамтамасыз етеді. Бұл қамқоршылық органдарының қызметкерлері, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтер. Аймақтарда құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметі заң жүзінде реттелді. Тұжырымдама аясында 20 басқарма құрылады. Қазіргі таңда 4 өңірде: Астана қаласы, Ақтөбе, Ақмола, БҚО балалардың құқықытарын қорғау басқармалары құрылды. Қалған өңірде ағымдағы жылдың наурыз айына дейн ашылу күтілуде.