Оралда «Жас десантшы» клубы ашылды

Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің базасында құрылған клубта 30 жасөспірім тәлім алады. 

Олар қаруды шашып-жинауды меңгеріп, парашютпен танысып, қоян-қолтық төбелес тәсілдеріне жаттығады. 

8 сынып оқушысы Рахман Мүбәрак жас десантшылар клубының мүшесі. Аптасына үш рет өтетін жаттығуды асыға күтеді. Үш айда темірдей тәртіпке көндіккен, қаруластарын қадірлеуді үйренген, қарудың түрлерімен танысып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгерген. Арманы офицер болу.

Рахман Мубарак, «Жас десантшы» клубының мүшесі:

- Ашылғаннан бастап, өзімнің парашют жинап шашуды үйрендім, өзіме күш жинадым және атуды үйрендім. Осы автомат шашуды үйрендім, көптеген нәрселерді. Және достар таптым. Өскеннен кейін клубтан шығып десантшы болғым келеді, отан қорғағым келеді.

Жас десантшылар клубта тек сап түзей адымдауды, қаруды қолдануды үйренбейді, еліміздің тарихымен терең танысады, әскери-патриоттық тәрбие алады.

Ахмет Болатов, «Жас десантшы» клубының мүшесі:

- Мен мұнда жекпе-жекпен айналысқанды жақсы көрем және парашюттің жинауын және автоматты құрауын жақсы көремін. Парашюттің өз тәртібі бар және егер сен дұрыс жинамасаң ол ашылмай қалады.

Әділет Әлімов, парашют спорты және атыс дайындығы бойынша нұсқаушы:

- Армияға дайындық. Ең бастысы парашютті жинау. Егер балалар десант болғысы келсе, десантқа дайын болады. Армияға барған кезде ыңғайлы болады жұмыс істеуге. Бірінші ай, екінші ай оқу-жаттығуға кетеді ғой. Соның бәрін қазіргі уақытта өткізіп кетеді. Армияда сержант офицерлерге ыңғайлы болады жұмыс істеуге.

«Жас десантшы» клубы әуе-десант күштері ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылған. Клубқа ҚР Қарулы Күштерін құруға белсене атсалысқан генерал-майор Уәли Еламановтың есімі беріліпті.

Марат Тұқпаев, әскери-техникалық мектеп директоры:

- Осындай клуб құру жөнінде ұзақ ойландық. Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ардагер-десантшылар осылайша өз үлесімізді қосайық деп шештік. Клубта жасөспірімдердің дене дайындығын шыңдап қана қоймай, оларға дәріс береміз. Әскеріміздің тарихын оқытамыз, дәстүрімізді үйретеміз. Бізден шыққан жастар әскер қатарына толық дайын болады.

Қарашада ашылған жас десантшылар клубына ортаңғы сыныптардан 30 оқушы іріктеліп алынды. Алдағы уақытта клуб мүшелерінің санын 50-ге жеткізу жоспарда.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов