Swat Challenge: қазақ жауынгерлері топ жарды
Дубайда арнайы жасақтар арасында Swat Challenge жарысы өтіп жатыр. Доданың алғашқы күнінде біздің жауынгерлер топ жарды.
Екі бірдей командамыз үздік үштіктен көрініп, айды аспанға шығарды. Жауынгерлеріміз жылдағы дәстүрден жаңылмай, қарсыластарын таңқалдырудан жалығар емес.
Swat Challenge-дің алғашқы күні қазақстандықтар үшін сәтті өтті. “Қазақстан - С” командасы мәре сызығын 1 мин 28 секундта кесіп өтіп, көш басына шықты. Олар нысаналардың барлығына дөп тигізіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Ал «Қазақстан – Д» құрамасы 1 мин 30 секунд көрсеткішімен екінші орынға табан тіреді. «Қазақстан – В» 4-ші орынға жайғасса, «Қазақстан – А» командасы үздік ондықта. Осы тұрғыда шетелдік мамандар, ұйымдастырушылар жауынгерлерімізді фавориттер қатарына қосып отыр.
Мақсат Насыр, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметкері:
- Ал «Томирис» құрамасы әйелдер арасында топ жарды. Олар жарыс жолына 72-ші болып шығып, мәре сызығын дәл 2 минутта кесіп өтті. Тіпті өзге елдің ерлер құрамасы мұндай нәтиже көрсете алмады.
Балнұр Қиялбекова, «Томирис» командасының жауынгері:
- Биыл Swat Challenge-ге 48 елден 100-ден астам команда қатысып жатыр. Бүгін басталған жарыс 11 ақпанға дейін жалғасады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Берік Шарав