Кітап оқу неге трендке айналмай жатыр?

World Population review зерттеу платформасының дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар орта есеппен жылына үш-ақ кітап оқиды. 

Осылайша, еліміз дүниежүзі мемлекеттерінің арасында кітап оқудан 91-ші орында тұрақтапты. CEO World Magazine 2024 жылы жүргізген ауқымды зерттеудің де нәтижесі де шамамен осындай. Неліктен бұлай болды? Жалпы кітап оқуды қайта трендке айналдыруға не кедергі? 

2025 жылы Президент бастамасымен «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» ретінде белгіленді. Мұндағы идеалогиялық мақсат – халықты көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы ұлтқа айналдыру. Бұл ретте әлемдік зерттеулердің көңілді көншітпейтіні анық. Дегенмен кітап саласына қатысы бар мамандар әлгі статистикаға сенбейтіні айтады. Семейдегі Абай атындағы кітапхана басшысы, ақын Мерей Қарт бұның мәнісін өзінше былай деп топшылады.  

Мерей Қарт, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының басшысы:

- Кітап оқитын адамға қарағанда мүлде кітап бетін ашпайтын адамдардың саны өте көп. Сол жағынан қарағанда ол пайыз тура келуі мүмкін. Алайда қазір кітапхана қызметкері болғандықтан күнделікті кітап, журнал-газетті оқитын адамдардың қарасы молайып жатқанын байқаймын. Өйткені бүкіл дүние, әлемдегі процестер қайталанып отырады. Бір дәуірде кітап оқу пайызы азайып кетсе, қайта бір дәуірлерде ол көбейеді.

Мерей Қарттың айтуынша, ол үшін оқырманмен үздіксіз жұмыс жүргізу қажет. Бұрын басылған әдеби туындыларды жаңғыртумен қатар замандас жазушылдардың танымалдылығын арттыру – өзекті мәселе. «Өкінішке қарай, бұл істе бірқатар олқылық байқалады», - дейді ол. Өйткені авторлар кітабын жарыққа шығару үшін өз бетінше баспахана мен баспаға қаржы іздеуге мәжбүр.  

Мерей Қарт, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының басшысы:

- Қазақстанда баспа ісі, кітап шығару өте қымбат. Шетелмен салыстырғанда өте қымбат. Одан кейін жарайды, ақшасы табылғаннан кейін оны алатын адамды іздейсің. Белгілі бір ақын-жазушының кітабы ол белгілі бір қоғамда жарнамасы жүрмесе, немесе бір керемет классикалық туынды болып ел арасында ауызға іліккен кітап болса жарайды, ондай болмаса, тағы онымен автор жүгіреді. Сол кезде автор өзі сатушы, өзі жазушы, өзі баспагер, жаңағы кітаптың қаражатын табушы болады да, көптеген уақытын авторлар сондай өзінің функциясына жатпайтын дүниелермен өткізіп алады.

Әдетте мұндай іспен әдеби агенттіктер айналысады. Біздің елде отандық жазушылардың шығармашылығын нарықта ілгерілететін ұйымдар жоқ емес, бар.Алайда жұмысын жүйелендіріп, жазушылармен байланыс орнатуға уақыт керек. «Бұл ретте, авторлардың өздері де қарап отырмағаны абзал», - дейді жазушы Айгүл Клиновская. Әдеби агент оны әлеуметтік желіден өзі іздеп тауыпты. Қазір замандас жазушының «Дата С» кітабы цифрлық платформаларда қалың оқырманға жол тартып, бэстселлерге айналған. 

Айгүл Клиновская, қазақстандық жазушы:

- Кітапты жарнамалау – туындының алғашқы сөйлемдерінен басталатын іс. Қазіргі заманның талабы осы. Бұрынғыдай асықпай кітап жазып, артынша жарнамасымен айналысуға болмайды енді. Өз басым, кітап жаза бастағанда, төл туындым туралы әлеуметтік желіде жариялап отырдым. Жас авторларға айтарым – біреу кітабыңызды келіп алғанын күтіп отырмаңыз. Міне, әлеуметтік желідегі белсенділігімнің арқасында баспагерім мені өзі келіп тапты.

Айгүл Клиновскаяның айтуынша, қазіргі жазушылар үшін цифрлық кеңістікте танылу аса қиын емес. Аудиторияны табу қазір тіптен оңай. Дегенмен негізгі табыс көзі кітаптың қағаз нұсқасынан түседі. Ал оны басатын әдеби агенттіктер пайда көруі үшін маркетингке қыруар ақша жұмсауға тиіс. Бұл да тәуекелі мол іс. «Тіпті әлемге әйгілі жазушылардың бэстселлерін аударып сатудың өзі баспагерге табыс әкелуі екіталай», - дейді «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова. 

Фарида Тобашалова, «Фолиант» баспасының бас редакторы:

- Біз тек әлемдік рейтингке қарап бағаламаймыз сұранысты. Ең алдымен халықаралық кітап, көрме жәрмеңкелері, әдеби агенттердің сараптамалары, сондай-ақ оқырманның әлеуметтік желідегі ұсыныс-пікірлері, сол сияқты кітап дүкендерінің сатылым деректерін барлығын ескере отырып, аударатын әдебиетті таңдаймыз. Сондай-ақ қазақ оқырманның мәдени контекстіне жақын келетін жағын да қараймыз. Себебі былай болады, кейде әлемдік хит болған кітаптар қазақ оқырманының көңілінен шықпай жатады. Нәтиже бермей жатады немесе керісінше деген сияқты.

Қалың оқырманды қызықтырып, жаңа туындыны нарықта ілгерілететіндер - кітап блогерлері. Айта кетерлігі, елімізде Ютуб және Тикток желісінде дәл осы іспен айналысатындар бар. Қап әттегенайы сол, дені парақшасын тек орыс тілінде жүргізеді. Қорыта айтқанда, кітап басу ісі коммерция мен маркетингке тікелей тәуелді іс. Алайда оқуды трендке айналдыру үшін қоғам тарапынан да қолдау керек. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Рүстем Қайрат, Асхат Қарақойшиев, Досбол Байділдин