Үкіметте Қостанай облысының әлеуметтік даму мәселесі қаралды
Бүгін Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қостанай облысының әлеуметтік дамуы жан-жақты талқыланды.
Жиынға әлеуметтік бағытқа жауапты салалық министрліктердің өкілдері мен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысты. Кеңесте денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер бары айтылды. Мәселен, туберкулезден өлім-жітім 7,1 пайызға төмендеген. Дегенмен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, скрининг сапасын жақсарту және кадрларды нығайту қажеттілігі айтылды. Аймақта білім беру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір өңірде 30 колледжде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, 593 кәсіпорынмен әріптестік орнатылған. Мектептерде жасанды интеллекет элементтері қолданыла бастаған.
Тағы арнайы педагогтар тапшылығын азайту бағытында да ілкімді істер атқарылуда. Оң өзгеріс жоғары білім беру саласында да байқалады. Қостанай облысында соңғы үш жылда студенттер саны 15,3 пайызға артқан. Қос дипломды халықаралық бағдарламалар кеңейіп, өндірістік тәжірибеге басымдық берілуде. KIA компаниясымен бірлескен бағдарлама нәтижесінде түлектердің басым бөлігі жұмысқа орналасқан. Кеңесте тұрақты жұмыс орындарына орналастыру деңгейінің төмендігі де көтерілді. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдарға жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар жиында өңірдегі мәдениет нысандары мен туризм саласының жай-күйі сөз болды. Инфрақұрылымды жаңарту, туристік әлеуетті дамыту және инклюзивті спортты қолдау қажеттігі айтылды. Жиын соңында Аида Балаева әлеуметтік саланың негізгі бағыттары бойынша кешенді шараларды іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.