Бельгияда Мұқағали мұрасы ұлықталды

Брюссель жұртшылығы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойын атап өтті. Отандастарымызбен қатар шетелдіктер де ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп, өлеңдерін оқыды. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлы ақындары Эмиль Верхарн мен Морис Метерлинкті ерекше қадірлеп, қастерлейтін Бельгия халқы бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевты ұлықтады. «Қос ел поэзия өкілдерінің тілі бөлек болғанымен, оларды біріктіретін махаббат, үміт және адам болмысы сияқты ортақ тақырып көп», - дейді шетелдіктер.

Елшілік жанындағы Қазақ мәдени орталығында қазақ тілін үйреніп, мәдениетін танып жүрген балалар мен ересектер жиналды. Іс-шара поэзия кеші түрінде өтті. Алғашқы сөз диаспора өкілдеріне берілді. Жастар ерекше белсенді: олар ақын өлеңдерін бірнеше тілде оқып берді.

Әлімсері Махамбетәлі, студент:

- Отан туралы өлең таңдап, өзіміздің қазақ тіліміз қандай әдемі, бай, терең екенін көрсеткім келді. Сондай-ақ соңынан өлең сөздерін, мағынасын аударып, ағылшынша қонақтарға түсіндіріп бердім. 

Қазақ поэзиясымен алғаш танысып отырғандарға түсінікті болуы үшін Мұқағали шығармалары ағылшын, нидерланд және француз тілдерінде де оқылды. Шетелдік қонақтар да қалыс қалмады: олар өлеңдерді қазақша оқып, түпнұсқаның әуезді үнін сақтауға тырысты.

Уэнди Мхазек, іс-шараға қатысушы:

- Оның өлеңдері махаббат, сыйластық туралы. Мағынасы терең, қазақтың жан дүниесін айқын бейнелейді дер едім.

Хайди Фуруимп, іс-шараға қатысушы:

- Маған Мұқағалидің «Өмір деген» өлеңі ұнайды. Өйткені етене жақын. Ол күнделікті өмір туралы, шынайы әрі әсерлі, көркем бейнелерге бай шығарма.

Оқулардан кейін өлеңдердің мағынасы мен ондағы образдары талқыланып, фортепиано сүйемелдеуімен ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды.

Бағдарлама одан әрі интерактивті сипат алды. Мұқағали шығармашылығына арналған жұмбақ түрінде ойындар ұйымдастырылды. Шетелдіктер жерлестерімізге қарағанда жылдамырақ жауап беріп, бас жүлдені иеленді. 

Александр Фангойландс, іс-шараға қатысушы:

- Байқау ақынның шығармаларын жатқа білумен бірге оның поэзиясын түсініп сезінуді көп көңіл бөлінді. Мақатаев өмір мен адам тағдырындағы сынақтар туралы жырлайды, сондықтан оның өлеңдері көпшілікке жақын.

Поэзия кеші Бельгияда қазақ тілі мен әдебиетін насихаттауға арналған жұмыстың бір бөлігіне айналып, Мақатаев мұрасының Еуропаның көптілді мәдени ортасында да өз тыңдарманын табатынын көрсетті.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы