Семейде үй ауласына сібір елігі кіріп кеткен
Семейде жеке үйдің ауласына сібір елігі кіріп кетті. Жабайы жануарды байқаған үй иесі бірден табиғатты қорғау инспекциясына хабар берген.
Инспекторлар еліктің мойнында қарғыбау барын анықтады. Яғни орманнан келмеген. Бұрын үй жағдайында тіршілік еткен болуы мүмкін. Қазір жануарды облыстық балалар биологиялық орталығына жеткізді. Ветериналар біраз уақыт денсаулығын бақылайды. Кейін комиссия оны табиғи ортаға жіберуге бола ма, жоқ па соған қатысты шешім қабылдайды.
Гүлмира Елубаева, облыстық Балалар биологиялық орталығының ветеринары:
- Біз еліктің табиғи ортасына барынша жақын жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Негізінен бұтақ,шөп секілді жасыл желек пен таза су беріледі. Сонымен қатар біз оған сұлы мен көкөністер, атап айтқанда сәбіз қосып отырмыз. Міндетті түрде минералды қоспа ретінде тұз қарастырылған.