Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын кеңейтуге бағытталған

Жаңа Конституция жобасы ел экономикасының тұрақты дамуына кепілдік береді.

Маңызды құжат еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Кәсіпкерліктің де көкжиегін кеңейтіп, еркін әрі қауіпсіз ортаның қалыптасуына жағдай жасайды. Бұл туралы бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасында өткен жиында айтылды. Бизнес өкілдері жаңа ата заң жобасының маңыздылығына тоқталды. Енгізілгелі отырған өзгерістерді жан-жақты саралады. Мамандардың пайымынша, алғашқы рет негізгі заң деңгейінде табиғатты аялау қағидасы бекітілгелі отыр. "Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді", - дейді сарапшылар. 

Гүлнәр Бижанова, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары: 

- Біздің еліміз цифрлық қауіпсіздік жағдайы заң деңгейінде бекітілген елдер бойынша әлемде бесінші орын алады. Жаңа Конституция жобасында цифрлық құқықтар мен киберқауіпсіздікті қорғауға ерекше мән берілген. Бұл өз кезегінде дамуға, заң үстемдігін нығайтуға және тұрақты әрі әділ басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.