Атырау облысында ірі қара арасында індет тарады
Ветеринарлар сиырдан сынама алып, инфекциялық ринотрахеит вирусы екенін анықтады.
Әсіресе Құрманғазы ауданында өршіп тұр. Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекші және Құрманғазы ауылдық округтерінде карантин жарияланып, малды сыртқа шығаруға тыйым салынды. Ауру жұқтырған 1407 бас малдың мыңнан астамы емделді. Қалғаны мал дәрігерлерінің бақылауында, дейді жауаптылар. Қазір індет Құрманғазы ауданына іргелес жатқан Исатай ауданының Забурын елді мекеніне де жетті. Онда 60-қа тарта сиыр вирус жұқтырған. Мамандар вирустан адамға зиян жоқ дейді.
Сайран Ғұднан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл аурудың себебі қазіргі таңда мал тасымалы болып тұр. Екі аудан да транзиттік дәлізде орналасқан. РФ аумағынан мал тасымалы қазір көптеп жүргізілуіне байланысты. Бұл аурумен мал аузында жара пайда болады ауыз қуыстарында. Сілекей ағады. Тамақ жей алмауы басталады. Сол себепті соған қарсы симптоматикалық ем шаралар жүргізіледі. Содан мал күйі жақсарып, емделуге келеді. Облысқа 12 аурудың түріне вакциналар жеткізілді. Қазіргі таңда осы аурудың алдын алу бойынша вакцина жүргізіліп жатыр.