Өскеменде боран салдарынан коммуналдық қызметтің жұмысы қиындады
Өскеменде бірнеше күннен бері қар жауып, соңы ақтүтек боранға ұласты.
Қатты желдің екпіні секундына 17-20 метрге дейін жетті. Ауа райының қолайсыздығынан қаладағы коммуналдық мекемелердің жұмысы қиындады. Әсіресе шеткері шағын аудандарға қатынау мүмкін болмай жатыр. Тұрғындардан да шағым көбейді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өскеменде ұйытқыған боранның тоқтамай соғып тұрғанына бүгін міне бесінші күн. Қалада жүріп түру қиындап кетті. Әсіресе шеттегі 19 ықшам аудан тұрғындары үйге жете алмай қалдық деп шағымдануда. Түнде ол жақта жолды қалың қар басып, көктайғақ болып, автокөліктер сағаттап тұрып қалды. Жұмыстан үйіне жете алмаған жұрт бұл көріністі әлеуметтік желіге жүктеп, жауапты орындардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Олардың арасында әл-Фараби көшесіндегі ең шеткі үйдің тұрғыны Елқоныс Кірісұлы да бар.Ол басты көшеден бері қарай бір жарым сағат дегенде әрең жеткен.
Елқоныс Кірісұлы, қала тұрғыны:
- Мен кеше өзім 1,5 сағат жүріп келдім,кеше сағат 7-де шығып 7- де бұрылып, үйге 8.20 кірдім. Содан соң сағат қайта 9 кезінде үйден шықтым, үлкен жолға қосылғанша 40 минут жүрдім.
Шағын ауданда мұндай жағдай тым жиі болады дейді жергілікті жұрт. Айтуларынша, жел соқса, болды жолды қар құрсап алады. Ал техника өте сирек келеді.
Жомарт Қабденұлы, қала тұрғыны:
- Тазалайтын ұйымның жұмысы нашар, күнде айғай шумен үйдің тобында жазып, анда жазып, мұнда жазып, акиматқа, кск-ға жазып, сонда түн ортасында бір кеп шала тазалап кетеді.
Қоғамдық көліктер басты жолдан бұрыла алмай, жолаушыларды амалсыз алыстан түсіріп кетеді.
Бекболат Абаев, көлік жүргізуші:
- Жолды жауып тастайды вообще жүре алмай қаламыз не подъемға шыға алмаймыз не түсе алмаймыз жүргізуші. Погодада осында техника қойып қою керек осы жерге бір.
Қала әкімдігі бұл аудан ұмытылған жоқ, арнайы техника жіберіліп жатыр деп мәлімдеді.
Евгений Пескарёв, "Аумақтық басқару орталығының" директоры:
- Мысалы, осы 3-кварталда жел. Географиялық қиындығы сол жел мәселесі бар. Түнде тазартамыз, таңертең қайта алып қалады жолды.
Қазір ықшам ауданға апаратын жол қардан аршылды. Дегенмен, жалпы қалада ақ ұлпа үйіліп жатқан көше көп. Коммуналдық сала өкілдерінің айтуынша, шаһарда 147 арнайы техника екі ауысмымен жұмысқа жұмылдырылған. Бүгінге дейін 70 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Айтпақшы, қазір қала сыртындағы жағдай да мәз емес. Ақтүтек боранға орай Өскемен Талдықорған, Өскемен-Шемонайха, Семей бағытында көлік қозғалысына шектеу қойылып жатыр. Синоптиктер күн райы ертең де оылай болады деп хабарлады.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов