Үкімет Президент тапсырмаларын орындауға кірісті
Халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет.
Премьер-министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша кеңес өткізді. Олжас Бектенов Конституциялық реформаның көздеген мақсаты – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсу,-деді. Кеңесте Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияны 9-11%-ға дейін төмендету жоспары әзірленетінін жеткізді. Ал 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын EGov Business платформасында «бір терезе» қағидаты бойынша дамыту жалғасады. Бұдан бөлек мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект шешімдерін енгізу мәселесіне назар аударылды. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың жоспары мынадай. 2026–2030 жылдар аралығында 27 млрд доллардан аса шетел инвестициясын тарту. Сосын 5 жылда 1,3 млрд доллар болатын ЖИ жобаларын енгізу. Қаржы министрі Мәди Такиев те қалыс қалмады. Бірінші жартыжылдықта тауарлардың ұлттық тізбесін іске қосатынын айтты. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық нұқсқаға көшіру жеделдетілген. Бюджет қаражатының цифрлық теңгені қолдану арқылы қадағаланбақ. Ал энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жобалары белгіленіп, жаңаларын салу жайы да сөз болды. «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.