Жетісу облысында 66 мың оқушы тегін тамақтанады
Жетісу облысындағы мектептерде 66 мың оқушы тегін тамақтанады. Олардың басым бөлігі бастауыш сыныптың және әлеуметтік санаттағы отбасында өсіп жатқан балалар.
Биылғы оқу жылынан бастап елде балаларды тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен мәзірде қуырылған тағамдар, шұжықтар алынып, орнына тұтас дәнді өнімдер, сүт пен жеміс-жидектердің үлесі артқан.
Айгүл Жәнібекова Талдықорғандағы мектепте мейірбике болып істейді. Жұмыс күні оқушыларға берілетін тамақты тексеруден басталады.
Айгүл Жәнібекова, мектеп мейірбикесі:
- Күнделікті таңертең келіп, мәзірді тексеремін. Қалыптылығын тексеріп, өлшемін және дәмін көремін. Содан кейін қабылдап беремін. Балаларға үлестіріледі.
Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп лицейінде 2500 бала оқиды. Солардың 1100-ден астамы тегін тамақтанады. Берілетін тағамдардың мәзірі төрт апта бұрын бекітіледі.
Айман Әлпейісова, асхана меңгерушісі:
- Мәзір бір айға берілген. Апта сайын ауысып тұрады. Тамақтарымыз жаңа, апта сайын келеді. Фирмалармен жұмыс істейміз. Қорытынды бар. Келісіммен жұмыс істейміз.
Маржан Кәрімбаева, мектеп директоры:
- Қыркүйек айынан бастап, айына бір рет комиссиямен бірге тазалығын тексереміз. Ұсыныстарын айтамыз. Оны қадағалап отырамыз. Күнделікті тамақтың бәрінде өзім бақылаймын. Әлеуметтік педагогымыз медигіміз бар. Барлығымыздың тарапымыздан қадағаланып отырады.
Облыста 314 мектеп бар. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін 180 мердігермен келісімшарт жасалған. Көрсетілетін қызмет сапасы мен ұсынылатын асқа қатысты ата-аналардың пікірі әр алуан.
Қайрат Қасымов, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Екі жыл бұрын облысымызда «Әлеуметтік әмиян» жүйесі енгізілген. Ол жүйеге 314 мектептің 100 мектебі қосылған болатын. Ол негізінен 700 баладан астам мектептер кірген. Соған байланысты ата-аналар. Баланың тамақтануын бақылап отырады. Екіншіден, қандай мәзірі бар. Қандай тамақ ішкенін бақылап отырады.
Жетісу облысында 66 мың оқушыға ыстық тамақ тегін беріледі. Бұл мақсатқа 6,9 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев