Саяжай тұрғындары баспана кезегіне тұра алады

Саяжай тұрғындары да баспана кезегіне тұра алады.

Бұрын мұндай жылжымайтын мүлкі бар отбасылар жеңілдетілген ипотека рәсімдей алмайтын. Енді мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады.

Үлескерлік әдіспен қолға алынып, кейін аяқсыз қалған 37 жобаға қатысты мәселе пысықталды. Бұл нысандар енді жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 3 мыңнан астам үлескердің құқығы қорғалады. Ал былтыр дауға айналған 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Олар Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін салада жаңа заңнамалық нормалар қабылданды. Құжатта үлескерлік туралы талаптарды айналып өтуге қолданылған шарттардың бәрі жойылды. Азаматтардың қаражатын алдын ала тартуға рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салынды. 

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы:

- Қазіргі таңда 4 жаңа нормативтік құқықтық акті әзірленіп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы 7 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізіледі. Үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерді түгел электронды форматқа көшіру көзделген. 

Саяжайда тұратын отбасылар енді мемлекеттік бағдарламалар аясында баспана ала алады. Тұрғын үй кезегіне тіркеу және жалдамалы баспаналарды бөлу функциясын атқаратын ұлттық даму институты, яғни, "Отбасы банк" салаға бірқатар өзгеріс енгізді. Бұрын бау-бақша серіктестігіндегі нысан үй ретінде саналмаса да, меншік иесіне жеңілдетілген ипотека берілмейтін. Енді олай емес. Қысы-жазы саяжайда жан бағып жүрген отбасылар бұдан былай баспана кезегіне қабылданады. Сөйтіп төмен пайызбен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады. 

Назерке Ғалым, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ Баспасөз хатшысы:

- Саяжай деген қаланың ішінде орналаспайды. Ол қаланың шетінде орналасады. ол кішкентай-ақ. Ол жерде коммуникация тартылмайды дұрыс. Біз "Отбасы банк" бірнеше шешім қабылдадық. Сол шешімдердің аясында осындай учаскедегі үйлері бар азаматтар кезекте тұрса, кезектен алмайтын болдық. Кезекте тұрмаса, ол үйді үй деп санамайтын болдық. Содан кейін ол адамдар енді кезекке тұра алатын болды. 

Саладағы тағы бір басты өзгеріс — азаматтар мекен-жайын ауыстырса немесе уақытша тіркеусіз жүрсе, үй кезегінен шығарылмайды. Бұл әсіресе жетім балаларға қатысты. Өйткені олардың көбі мектепті тәмамдаған соң кәсіби білім, яки жұмыс бабымен басқа қалаларға кетеді. Осы аралықта мекенжайын өзгертеді немесе мүлде көрсетпейді, мұндай жағдайларда баспана кезегі сақталмайтын. Енді жаңашылдықтарға сәйкес, олар мемлекеттік қолдау шараларынан қағылмайды. Дәл осы санаттағыларға бастапқы кезекте тұрған аймағы бойынша көмек көрсетіледі. Сонымен қатар өзге пәтерде минималды үлесі бар азаматтар да мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады.

Назерке Ғалым, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ Баспасөз хатшысы:

- Семейде тұрса, олар Астанаға, Алматыға барады оқуға байланысты. Одан кейін қайтып келейін десе, олардың тіркеуі жоқ не анда, не мында. Бірақ кезекте тұр жетім бала ретінде. Енді үй алып, инвентаризациядан өтейін десе, тіркеуі жоқ себепті сен шығарылу керексің дейді. Бұл жерде де біз әділетсіздікті көрдік. Сол себепті "Отбасы банк" ұлттық даму институты ретінде мекенжайды ауыстырғаны үшін кезектен шығармау мәселесін алға тартты.  

Үй саудасы бойынша 27,7 мың мәміле жасалды 

Биыл қаңтар айында ел бойынша баспаны сату және сатып алу туралы 30 мыңға жуық мәміле жасалған. Олардың басым бөлігі көпппәтерлі үйлерге қатысты болып отыр. Алдыңғы айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 47 пайызға азайған. Ұлттық статистика бюросының мәліметі осындай. Баспана саудасы бойынша Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.