ШҚО-да көкөніс кластері құрылады

Шығыс қазақстандықтар жылына шамамен 70 мың тонна картоп тұтынады.

Мұның тек 9 мың тоннасы ғана жергілікті шаруалардың өнімі.  

Енді жергілікті билік осыны ескеріп, көкөніс кластерін құрмақ. Жоба аясында егістік алқаптары 10 пайызға ұлғаяды. Бұдан бөлек картопты дүкенге делдалсыз жеткізу арқылы бағаны тұрақтандыру және жергілікті өнімнің үлесін арттыру жоспары бар.

Өндірісті қала Өскеменге картоп Павлодар облысынан жеткізіледі. Өйткені жергілікті өнім ішкі нарықты қамтуға жеткіліксіз. Аталған дақылдың қымбаттауына ықпал ететін себептердің бірі осы. 

Нұргүл Қалиева, сатушы:

- 162 теңге болған. Қазір 177. Егер картоп делдалсыз әкелінсе, онда сапасы жақсы болады. Қыс кезінде үсіп қалмайды деп ойлаймын.  

Қалада шаруалар үшін заманауи құралдармен жабдықталған көтерме тарату орталығы салынған. 16 мың тонна көкөніс сыятын қойманың бүгінде үштен бір бөлігі ғана пайдаланылып отыр. 

Камила Апендинова, маркетолог: 

- Қойманы толтыруға мүмкіндік бар, бірақ оның бәрі нарықтық экономика жағдайында жүзеге асады. Яғни сұраныс болса, ұсыныс та болады деп ойлаймын. Бізде сыйымдылығы шамамен 1200 тонна картопқа арналған 5 қойма бар. Қазіргі уақытта олардың толу деңгейі шамамен 30%. 

Маусымаралық кезеңде қоймадағы өнімдер сатылымға шығарылады. Сол арқылы көкөніс бағасын тұрақтандыру көзделген.

Әсем Келдеева, қала тұрғыны: 

- Менің ойымша қоймадан сауда жасау тиімді. Себебі бағасы арзан. Молынан сатып алуға мүмкіндік бар. Сол үшін қаладан және жақын маңдағы ауылдан келетіндер бар.  

Биыл күзде қоймалар жергілікті өнім есебінен толтырылады. Осы мақсатта егістік алқап 1000 гектарға ұлғайтылмақ. Оның басым бөлігіне картоп егіледі. Сонымен қатар аймақ шаруаларынан көп мөлшерде көкөніс сатып алу тетігі қарастырылып отыр. 

Ажар Каджибекова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

 -Бізде көкөністер өсірілгенімен өңір тұрғындарының қажеттілігін толық қамтуға жеткіліксіз. Сондықтан, егіс алқаптарын ұлғайту қажет. Ал бұл өз кезегінде тиісті қаржыландыруды талап етеді. Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарына қаржы бөлетіні сияқты, көтерме-тарату орталығы да шаруаларға қарыз беру мүмкіндігін қарастыра алады. 

Қазіргі таңда көкөніс кластерін құру жобасы жан-жақты сараланып жатыр. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, бастама дүкендер мен базарларды сапалы өніммен тұрақты қамтуға және көкөніс бағасын тұрақтандыруға бағытталады. Нәтижесінде өндіруші мен тұтынушыға тиімді ең оңтайлы нұсқа бекітілмек.

Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин