Ыстықкөлдегі төрт нысан Қазақстанның меншігінде қалады
Қазақстан алдағы 3 жылда Ыстықкөл жағасындағы 4 демалыс нысанын толық жөндеуден өткізеді.
Жоспарлы жұмысқа 35,7 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін сенат отырысында айтылды. Жоғары палата Ыстықкөлдегі кейбір орынға еліміздің меншік құқықтарын реттейтін құжатты мақұлдады. Ол бойынша 2029 жылға дейін тынығу нысандарын жаңғыртып, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер деңгейіне жеткізу көзделіп отыр. Олар тек жазда ғана емес, жыл бойы келушілерге қызмет көрсетуі тиіс. Объектілерді салу және пайдалану кезінде жұмыс күшінің кемінде 80 пайызы айыр қалпақты ағайынның азаматтары қатарынан тартылуы шарт.
Нұрия Ниязова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Келісімде курорттық-рекреациялық шаруашылықтардың төрт объектісіне, атап айтқанда "Қазақстан" санаторийіне, "Самал" демалыс үйіне, "Университет" спорт-сауықтыру лагеріне және "Олимп" спорт-сауықтыру орталығына Қазақстан Республикасының меншік құқығы белгіленеді. Сондай-ақ қазақстандық тараптың инвесторлар тартуына мүмкіндік беру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жер учаскелері 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Қырғыз тарапы нысандарды тәркілеу жөнінде шаралар қабылдамауға кепілдік береді.