Түркістанда «Инвестициялық климат – дамудың басты құралы» атты дөңгелек үстел өтті
«Инвестициялық климат - дамудың басты құралы». Осындай атаумен Түркістанда дөңгелек үстел өтті.
Инвесторлардың құқығын қорғауға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге арналған шараны облыстық прокуратура ұйымдастырды.
Инвестор құқығы – елге деген сенімнің өлшемі
Жиында инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік және құқықтық кедергілер талқыланды. Облыс Прокуроры Мұрат Тілеубердиев «Инвест-Керуен» акциясы шеңберінде көшпелі іс-шара өткенін және 42 инвесткейстің мәселесі шешімін тапқанын атап өтті.
Мұрат Тілеубердиев, облыстың бас прокуроры:
- Инвесторлардың құқығын қорғау бойынша «прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Бұл дегеніміз инвесторларға қатысты тексерулер, тыйым салу, шектеу, жауапкершілікке тарту енді тек прокурутура органдарының келісімімен ғана жүргізіледі. Өткен жылы осы 41 әкімшілік жауапкершілікке тартудан бас тартылды. 12 негізсіз тексерулер тоқтатылды.
Негізсіз тексерулерді тоқтатып, артық талаптарды жою – бизнестің еркін тыныстауына жол ашады, дейді инвесторлар. Саурандық кәсіпкер Марат Айтбаев 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салуға 1 млрд теңге инвестиция құйғандардың бірі.
Марат Айтбаев, инвестор:
- Етін өңдесек, қанын, сүйегін, терісін және қалдықтарын өңдесек деген ниетіміз бар. Сол пульға енгелі бері прокуратураның көмегімен біраз шаруаларды шешіп жатырмыз.
Нұрлан Рыспеков, инвестор:
- Қазір тағы бір 80 млн долларға үлкен жобамыз бар. Соны ары қарай орындауға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл кісілердің көмегі бар. Оны айту керек. Сұрақтарымызды шешіп жатырмыз.
Қазір өңірде прокуратураның сүйемелдеуімен жалпы құны – 3,5 трлн теңге болатын 240 инвест жоба жүзеге асырылып жатыр. Әрбір жобаға қадағалаушы прокурор тағайындалған. Мамандар: «Бірлесе әрекет етсек, құқықтық қорғаны бар, ашық, әділ инвестициялық орта қалыптастыра аламыз», - дейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш