Жамбыл облысында бірнеше бағыт бойынша жолдар жабылды

Жамбыл облысында кешелі бері қалың қар жауып республикалық маңыздағы тасжолдар жабылды. 

Тараз бен Шымкент, Қордай-Алматы арасында жүк көліктерінің қатынауына шектеу қойылды. Қазір жол бойында 1200 жүк көлігі кептелісте тұр.

Мерей Бает, тілші:

- Ақпанда жауған ақ ұлпа жамбылдықтарды әбден әбірге салды. Кеше таң ата жауып басталған қар әлі де тоқтар емес. Қалыңдығы шамамен 60 сантиметрден асып кетті. Сондықтан республикалық маңызы бар тас жолдарда жүк көліктерінің қозғалысы тоқтады. Қазір біз ескі Күйік асуындамыз. Мұнда 30-ға жуық жүк көлігі қалып қойған.

Күйік асуындағы   жүргізушілердің жағдайын полиция бақылауда ұстап отыр. Ыстық тамақ   апарып берді.   Жолда тұрып қалған көлік жүргізушілерінің арасынан жүктілік мерзімі   8 айға жақындаған әйел адамды   байқадық.  Тәртіп сақшылары оны бірден жылыту пунктіне жеткізді.   Жалпы облыс бойынша бірнеше бағыттағы жолдарда 1200  дей көлік тұр.

Асқар Мұсылманов, жүргізуші:

- Павлодардан Шымкентке кетіп бара жатырмын 2 мың шақырым жол. Мал әкеле жатырмыз. Кеше осы Күйік асуына келгенбіз. Қар жауып жол жабық болып. Менің көлігімде жанармайым жетеді. Машинада автономный пеш бар. жылытып тұрады. Жаурап жатқан жоқпыз, бізге мынау жолды ашып берсе болды.

Тәртіп сақшылары ауыр жүк көліктерін жол бойындағы асханалар мен жанар май бекеттерінің жанына топтастыруда. Себебі тасжол әзір ашылмауы мүмкін. Қазір полиция департаментінің 45 потрулдік жасағы, жолда қалғандарға жәрдемдесіп жүр.

Ержан Мананбаев, Облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Екі тәулік ішінде шамамен 50-ге жуық автокөлік қар құрсауынан шығарылды. 20-ға жуық азамат жылыту пунктеріне полиция қызметкерлерімен жеткізілді. Полиция қызметінің барлық қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.

Ал күре жолды қалың қардан тазалау үшін, ҚазАвтожол мекемесінің 100-ден аса техникасы тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Алайда ұлпа қар ұлғайып, жолды қайта жауып тастайды. «ҚазГидроМедтің» ескертуінше қар ертеңге дейін тоқтаусыз жауып, боранға ұласуы мүмкін.

Біржан Әшіров, «ҚазАвтоЖол» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Ауа райының болжамымен Қордай асуында бүгінгі күнге тағы да боран болады деп күтіледі. Сол себепті жолда ертеңгі сағат 09:00-10:00-ге қарай ашуды жоспарлап отырмыз. Құм инертті материалдардың жалпы себілуі тәулігіне 6-7 мың кубтан асып кетеді.

Полиция жүргізушілерді уақытша жолға шықпауға шақырып отыр. Аймақта жедел желі қосылып, жылыту пунктері де жұмыс істеп тұр. Ал Тараздағы барлық мектеп бүгін онлайн оқуға көшті.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә