Каспий жағалауынан өлі аққулар табылды

Маңғыстау облысында Каспий жағалауынан өлі аққулар табылды. Табиғат қорғау инспекторлары Ақтау жағажайын бақылау кезінде 11 аққудың өлексесін кезіктірген. 

Тағы 9 құстың денесі Түпқараған ауданында анықталды. Құс өлекселері жиналып, арнайы полигонда жойылды. Кейбірінің ағзасынан және теңіз суынан сынамалар алынған. Мамандар аймақта аққулардың жаппай өлімі тіркелмегенін, бірнеше аққуды бұралқы ит талағанын мәлімдеді. Айтуларынша, қазір Маңғыстау өңірінде 25 мыңдай аққу бар. Көбі солтүстік Каспий аймағындағы аралдарға қоныстанған. Бір атап кетерлігі, биыл Ақтау маңындағы Қаракөл көліне 4 мыңдай аққу келген. 

Ғаббас Досатов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Сынама алынғаннан кейін тиісті зертханаға жолданады. Оған белгілі бір уақыт керек. Соның қорытындысы шығады. Содан кейін ғана бізге оның нақты неден өлгенін айта аламыз. Табиғи өлім дейтін болады. Кез келген жануар, аң болсын, құс популяциясында белгілі бір пайызы өлуі мүмкін. Ол енді қыста ауа райына байланысты. Мысалы, жаңа айтып отырған аққулардың 90 пайызы жас аққулар, былтырғы балапандар.