Елде Жасанды интеллект қоры құрылмақ
Қазір оны қаржыландыру тетігі пысықталып жатыр.
Салалық ведмствоның дерегінше, аталған қор цифрлық жобалар мен білім беру бастамаларына демеу болады. Жауаптылар жасанды интеллектіні ең алдымен білім беру, ауыл шаруашылығы, өндіріс, логистика және тау-кен салаларына енгізбек. Сондай-ақ елде жеке тұлғалардың дербес деректерінің қорғалуына айрықша назар аударылады. Өйткені онлайн-алаяқтық, жасанды интеллектіні қылмыс құралы ретінде пайдалану бүгінде әлем бойынша қалыпты жағдайға айналды. Президент Үкіметке киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың деректерін қорғау мәселесін кешенді түрде мұқият саралауды тапсырған еді.
Мейіржан Әуелханұлы, ЖИ саласының сарапшысы:
- 10 жылда біздің өмірімізді ЖИ-де осылай өзгертейін деп тұр. ЖИ тек қана компьютер алдында отырып, күнделікті ақпаратпен жұмыс істейтін адамдарға ғана емес, логистика, медицина, қаржы сияқты кез келген салаға үлкен әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта деректер өте көп. Мәліметтер өте көп. Осы үлкен мәліметтерді өңдеу үшін бізге ЖИ көмегі керек. Содан кейін суперкомпьютердің көмегі керек. Мысалы, мен Алматыдан Астанаға жолға шығып бара жатсам, ауа райын қараймын. Осы ақпаратты өте қысқа уақытта жылдам өңдеп, өзіміздің тасымалды логистикаға күнделікті қазақстандықтардың өміріне әсер ететін дүниелерді осы ЖИ көмегімен ертең қабылдай бастаймыз.
Бүгінде электрондық форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесі 91 пайызды құрайды. Тізімде 1 448 мемлекеттік қызмет бар. Олардың басым көпшілігі онлайн режимде қолжетімді. Бұдан басқа көрсетілетін қызметтердің 91 пайызын смартфон арқылы алуға болады. Бұл процесті азаматтар үшін барынша ыңғайлы ете түседі.
Елімізде цифрлық құжаттардың 39 түрі енгізілген. Олар қағаз түрлерін толықтай алмастыра алады.