Трамп АҚШ-тағы экологиялық шектеулерді әлсіретті

Дональд Трамп АҚШ-тағы бірқатар экологиялық шектеулерді алып тастады.

Бұл талаптардың басым бөлігі бұрынғы президент Барак Обама тұсында қабылданып, 2009 жылдан бері климаттық дағдарысқа қарсы күрестің негізгі құралына айналған. Атап айтқанда, жылу электр станцияларынан бөлінетін көмірқышқыл газы мен метанға қойылатын лимиттер қайта қаралды. Автокөліктердің жанармай үнемділігіне қатысты стандарттар жұмсартылып, ауыр өнеркәсіп пен энергетика секторына берілетін экологиялық талаптар жеңілдетілді. Ақ үй бұл қадамды экономикалық өсімді ынталандыру және өндіріс шығындарын азайту қажеттілігімен түсіндіреді. Ал экологтар мен оппозиция өкілдері мұндай шешім ауа сапасының нашарлауына, климаттың өзгеруіне және халық денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін деп дабыл қағуда.

Дэн Бекер, «Қауіпсіз климаттық көлік» науқанының директоры:

- Жаһандық жылынудың Жер температурасының көтерілуіне және дауыл, су тасқыны, құрғақшылық пен орман өрттерінің күшеюіне әкеліп отырғанын әлемнің жетекші ғалымдары дәлелдеген. Мұның бәрі көліктер мен өндірістен шығатын зиянды қалдықтармен байланысты. Бұл тұжырымды жоққа шығаратын ғылыми шешім жоқ. Ал Трамп ғылыми тұжырымды мұнай және автокөлік саласындағы топтарға жығып беріп отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің жұмысы аясында Обама кезеңінде қабылданған «ғылыми-құқықтық тұжырымдаманың» күшін жойдық. Бұл саясат автокөлік өнеркәсібіне зиян келтіріп, тұтынушылар үшін бағаны өсірді. Соған байланысты 2012–2027 жылдары көлік пен қозғалтқыштарға енгізілген қосымша экологиялық қалдықтарға қойылатын стандарттарды тоқтаттық және Калифорнияға бүкіл ел бойынша автонарықты реттеуге мүмкіндік берген экологиялық рұқсатты кері қайтардық.