М. Әшімбаев: Жаңа Ата заң жобасы – Әділетті Қазақстанның Конституциялық моделі

Жаңа Ата заң жобасындағы маңызды өзгерістерді алматылық қоғам белсенділері де талқылады.

Бүгін Сенат төрағасы оңтүстік астанадағы мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, белсенді жастармен кездесті. Жиын барысында алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері айтылды. Мәулен Әшімбаев Конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Бұл саяси бағдар әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі екендігін еске салды. Мұнымен қоса, маңызды құжат «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалайтынын жеткізді. Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері де ұсыныс-ойларын айтып, пікір алмасты. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылайша, 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген. Сондықтан Конституциялық реформа «Заң мен тәртіп» қағидатына, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді.