Коучтердің қызметі қадағаланады
Қазақстанда коучтердің реестрі пайда болуы мүмкін.
Тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Бұл аталған саладағы мамандардың жұмысына қалай әсер етеді? Сонда коучтер енді түрлі курс сату үшін кәсіби біліктілігін дәлелдеу керек бола ма?
Солай деуге де болады. Құжат коучтерді міндетті түрде мемлекеттік реестерге тіркелуге міндеттейді. Ол тізімге тек кәсіби білімі бар мамандар ғана кіре алады. Осылайша олардың қызметіне деген сенімді арттырып, кәсіби стандарттардың сақталуы қамтамасыз етілмек.
Бүгінде психологтардың көмегіне жүгіну қалыпты жағдайға айналды. Бірақ маман қызметіне сұраныс артқан сайын қой терісін жамылған пысықайлар да көбейіп кетті. Әлеуметтік желіде ақыл сататындардың көбінің не кәсіби білімі, не арнайы дайындығы жоқ. Қарапайым азаматтар бұл алаяқтарды кәсіби психологпен шатастырып, қармағына түсіп жатыр. Мәселе былтырдан бері қызу талқыланып, депутаттар бірнеше рет арнайы сауал жолдаған болатын.
Амангелді Есбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Сертификаттары жоқ, психолог ретінде арнайы білімі жоқ немесе бизнесті дамытуға байланысты сабақ өткізіп жатқан коучтердің арнайы білімдері жоқ. Бұл азаматтарды адастырып жатыр. Яғни өзінің бір оқыған кітаптары арқылы ғана, өзінің пайымдауымен жүргізеді. Нақты ғылымы негізі тіркелмеген. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, нақты коучтардың тізімі болу керек. Бізде ол жоқ. Мысалы, қанша коуч бар екенін білмейміз. Сондай-ақ олар берген сабақтардың нәтижесі қаншалықты? Сол себепті коучтердың реестрін жасау керек, олар тіркелу керек.
Депутаттар арнайы заң жобасын дайындап, аталған салада тәртіп орнатпақ. Құжат Мәжіліс талқысына берілді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Психологтарға бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі. Енді жоғары білім бағдарламалары мен біліктілік арттыру жүйесі де дәл осы стандарттарға сәйкес болуға тиіс. Барлық психологтар арнайы тізімге тіркеледі. Бұл нарықты жүйелеу және біліктілігі жоқ адамдардың қызметіне тосқауыл қою үшін қажет шешім. Комитет осы заң жобасын жұмысқа қабылдап, қорытынды әзірлеуге дайын.
Заң жобасының мынадай маңызды тұстарына тоқталуға болады. Біріншіден, маман дайындаудың тәртібі өзгереді. Енді психологтар тек жоғары оқу орындарының базасында және бекітілген бағдарлама аясында оқытылады. Және олар бес жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, арнайы сертификат алуға міндеттеледі. Екіншіден, құжатта психологиялық көмектің түрлері нақтыланған. Бұған диагностика, кеңес беру, терапия, реабилитация, кризистік және шұғыл көмек жатады. Қызметтер тегін немесе ақылы болуы, көзбе-көз, қашықтан немесе аралас форматта өтуі мүмкін. Шектеулерге де арнайы бөлім арналған. Психологтарға медициналық диагностика жүргізуге, дәрі-дәрмек тағайындауға тыйым салынады. Кәмелетке толмағандарға тек ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатымен ғана көмек көрсетуге рұқсат. Олардың қызметін қадағалау міндеті мемлекеттік органдарға жүктелмек.
Бұл жобаны былтыр жазда психологтар да талқылаған. Алғашында құжаттағы кәсіби білімге қатысты талаптар өзгеріп, жұмсарды дейді психолог Яна Чигарькова. Оның сөзінше, басында тек қазақстанда жоғары білім алғандарды ғана тіркеу жоспарланған. Қазір педагогикалық және медициналық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар азаматтар психолог атана алады. Сонымен қатар кемінде 900 сағат қайта даярлықтан өтуі және кәсіби біліктілігін дәлелдеуі керек. Содан кейін ғана оны мемлекеттік реестрге енгізеді. Шетелде білім алғандарға да бұл тізімге кірген соң қызмет көрсетуге рұқсат. Қазір жұмыс істеп жатқандары екі жыл ішінде барлық құжаттарын реттеуі керек.
Яна Чигарькова, психология ғылымдарының кандидаты:
- Әрине дұрыс. Саланы екі айлық курстан өтіп алған психологсымақтардан тазалау керек. Себебі психология деген үнемі ізденісте болуды талап ететін ғылым. Білім алу арқылы жаңа күш аласың. Себебі адамдармен жұмыс істеу қажытады. Клиенттердің жанына батқан дүниелер саған да ауыр тиеді. Сондықтан өзіңді үнемі дамытып отыру керек. Мықты мамандардың барлығы үнемі ізденісте жүреді.
Мамандар психологиялық қызметке жүгінер алдында дұрыс таңдау жасау үшін төрт нәрсеге назар аудару керегін айтады. Біріншіден, оның кәсіби білімі болуы шарт. Екіншіден, оның қолданатын методологиясы болуы керек. Үшіншіден, маманның өзі психологиялық терапиядан өтуге міндетті. Сонымен қатар кәсіби біліктілігін арттырып отыруы абзал.