Ерлан Қарин «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесінің ашылуына қатысты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесінің ашылуына қатысты.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және Президент орталығы бірлесіп ұйымдастырған экспозицияның мақсаты – 2025 жылы ел аумағында жүргізілген далалық археологиялық зерттеулердің нәтижелерін, және одан табылған жәдігерлерді жалпы жұртшылыққа кеңінен таныстыру. 

Көрме тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі хронологиялық ауқымды кезеңді қамтып, соңғы ғылыми зерттеулер нәтижелері арқылы еліміздің ежелгі тарихына қатысты жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Халықтың талқылауына шығарылып отырған Конституцияның жаңа жобасында, преамбуласында тұңғыш рет біз өзіміздің ұлттық бірегейлігімізді, тарихи бірегейлігімізді анық көрсетіп, Ұлы даланың мыңдаған жылдардағы сабақтастығын сақтай отырып айқын көрсетіп, белгілеп отырмыз. Бұл жай ғана сөз емес. Бұл соңғы жылдардағы, соңғы он жылдықтардағы тарихшы, археолог  ғалымдарымыздың жүргізген зерттеулері мен шығарған еңбектерінің нәтижесі деп есептеу керек.

Көрмеде алғаш рет көпшілік назарына тас дәуіріне тиесілі бірегей олжалар ұсынылды. Олардың қатарында «Тянь-Шань ориньяк» мәдениеті «Шідерті мәдениеті» секілді ірі ғылыми жаңалықтар, сондай-ақ Тайсойған құмынан табылған энеолит дәуірінің жәдігерлері бар. Көрменің сақ-сармат кезеңіне арналған бөлімінде археологиялық деректер арқылы Қазақстан аумағындағы көшпелі және отырықшы мәдениеттердің қалыптасу үдерісі көрсетілген.

Ақан Оңғарұлы, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры:

- Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің бірегей, қайталанбас жәдігері деген дүниелерді бүгін көрмеге ұсынып отырмыз. Сондықтанда бұл көрмеде арнайы осы ашылымдарды жасаған қазбаның авторлары арнайы Қазақстанның әр түпкір-түпкірінен алдыртып отырмыз.

Орта ғасырға арналған бөлімде қимақтар мен оғыздар мәдениетіне, сондай-ақ Алтын Орда дәуіріне қатысты жәдігерлер ұсынылған.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Мемлекет тарих ғылымдарын, соның ішінде археология саласын дамытуға өте қатты көңіл бөліп келеді, соңғы жылдары өздеріңіз байқап келесіздер. Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан тарихының көп томдығы дайындалуда. Биыл ол жұмыс өзінің мәресіне жетеді деп жоспарлап отырмыз. Арнайы үлкен редакциялық коллегия құрылған болатын. Дайындалып жатқан Қазақстан тарихының көп томдығының бірінші томы миллиондаған уақыт аралықты қамтитын ежелгі дәуірге арналады.

Интерактивті экрандар арқылы археологиялық нысандардың цифрлық модельдері, қазбалардың стратиграфиясы, зертханалық зерттеулер нәтижелері мен халықаралық жобалар көрсетілген.

Зайнолла Самашев, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері:

- Қоғам алға қарай дамыған сайын біз өзіміздің түп тамырымызды, тарихымызды көп білгіміз келеді. Сондықтан археологияның біздің қоғамды тәрбиелеуге, жаңа ұрпақты тәрбиелеуге, содан кейін болашаққа жаңа бағдар ашып беруіне ерекше бір миссиясы бар. Сондықтан археологияға ерекше көңіл бөліп жатқанына өте ризамыз.

Көрмеде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының соңғы жылдары жүргізген зерттеулерінің нәтижелері, сондай-ақ еліміздің жетекші музейлері мен ғылыми ұйымдарының қорларындағы бірегей археологиялық жәдігерлер ұсынылған.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Досбол Бәйділдин