Өскеменде арбаға таңылғандарға арналған құрылғы іске қосылды

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған жаңа әлеуметтік қызмет іске қосылды. 

Арбамен қозғалатын азаматтарға арнайы ықшам гидравликалық көтергіштері бар көліктер үйге барып қызмет көрсетеді. Бұл құрылғылар көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарынан түсуге өте ыңғайлы. Әлеуметтік жоба бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады. Қазір жергілікті билік осындай көмекке мұқтаж жандар туралы ақпарат жинап жатыр. 

Бұл ықшам автоматты шынжыр табанды көтергіштер енді аз қимылдайтын азаматтарды тасымалдау үшін қолданылады. Жаңа қызмет түріне сұраныс күннен-күнге артуда. Марина Обухова енді ұлын жиі серуенге шығаратын болды. Волонтерлер мен әлеуметтік қызметкерлер аптасына бірнеше рет келіп, тасымалданатын көтергішті пайдаланады. Оны үйдің кіреберісінде оңай орналастыруға болады, бірақ ыңғайлы пандустар әлі де жоқ.

Марина Обухова, қала тұрғыны:

- Кіреберіске жеке электрлі пандус орнатылса екен дейміз. Сонда мүмкіндігі шектеулі адам өз бетімен сыртқа еркін шыға алар еді. Олар үшін ешкімнің көмегіне жүгінбей еркін серуендеудің өзі үлкен қуаныш қой.

Әзірге қаладағы тек екі көпқабатты үйдің кіреберісіне ғана электрлі көтергіштер орнатылған. Қымбат жүйелер демеушілердің қолдауымен жүзеге асты. Арбамен қозғалатын азаматтарды түсіріп-көтеру үшін осы ықшам шынжыр табанды құрылғылар пайдалануда. Күн сайын олар алты үйге барып қызмет көрсетеді.

Саят Женісқанов, әлеуметтік қызмет көрсетуші:

- Қазіргі уақытта осындай қамқорлыққа ер адамдардан сұраныс көп. Сұраныс өте көп бола бастады. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Өйткені біздің жаңа Қазақстанның дамуының басы болса, әлеуметтік мәселе керек деп ойлаймын.

Биыл Өскеменде 270 әлеуметтік нысан пандус пен көтергіштермен қосымша жабдықталады.

Анджела Мосесянц, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

- Арбамен қозғалатын 400 мүмкіндігі шектеулі азамат осы қызметті пайдаланады. Олардың қатарында  білім беру ұйымдарына, спорт кешендеріне баратындар және жұмысқа қатынайтын адамдар бар.

Еліміз бойынша инклюзивті саясат тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін қалалар мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қозғалысына бейімделген 40 мыңнан астам ғимарат салынады. Олар негізінен халыққа қызмет көрсету нысандары болмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий