Қайназар ауылының тұрғыны өз үйінде электр энергиясын өндіріп отыр
Жарығы сөнбейді. Шәйнегі сақырлап қайнап тұр. Шаруашылығына да артылады.
Темірхан Жаңабаев өз үйіне жарық беріп қана қоймайды, артылған тоқты энергия таратушы компанияға сатып табыс тауып отыр. Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылының тұрғыны Темірхан Жаңабаев күн электр панелдерін құру жобасын 2 жыл бұрын қолға алған. Ауылда электр қуаты болмай қалғанда, бұл үйдің жарығы самаладай жарқырап, суы қыз-қыз қайнап тұрады.
Темірхан Жаңабаев, кәсіпкер:
- Бастабында 24 панель әкеліп орналастырдым. Сөйтіп өзім үйге тоқ ала бастадым. Сөйтсем үйдің тоғы 90 пайызға дейін үнемделді. Енді бастабында біраз ақша шығардық. Бірақ мына панелдердің жұмыс істеу көрсеткіші 25 жыл. Олардың бетінде каленное стекло дейді. Өте қатты әйнектен жасалады. Бұршаққа, қарға, жаңбырға өте төзімді.
Шағын станцияда 670 ваттық 42 күн панелі орнатылған. Сағатына 30 КВт электр энергиясын өндіреді. Ішіне 250 литр су сыятын мына құрылғы да күн сәулесінен алынған баламалы қуат көзімен қайнайды. Жылу сақтағыш материалдардан жасалғандықтан судың температурасын тәулік бойы бірқалыпты ұстап тұрады.
Сәния Алпамыс, Темірхан Жаңабаевтың келіні:
- Күн панелдерінің арқасында мен қазір ыдыстарымды жылы сумен жуып отырмын. Айтқандай, ауа райының қолайсыздығына байланысты көршілеріміздің үйінде жарық сөніп қалғанда біздің үйде әрқашан жарық, суларымыз ыстық күйде тұрады. Осы атамның жобасы арқасында бізде қараңғы үйде отырып қалу, салқын суда ыдыс жуу деген мүлде болмайды.
Кәсіпкер күн панелдерінің көмегімен қосымша табыс тауып отыр. Ол электр қуатын таратушы компанияға артылған 25 КВт эелектр энергиясын сатады. Нәтижесінде осы жобаны жүзеге асыруға жұмсаған 5 млн теңгесінің жартысын аз уақытта қайтарып алған.
Темірхан Жаңабаев, кәсіпкер:
- Жаздың күні күн көп болғандықтан өзімнің қолданғанымнан бөлек 200 мың теңгедей менің есепшотыма келіп түседі. Ал қыстың күні күн қысқа бұлтты күндер көп, сондықтан энергия беру азаяды. Сәйкесінше, ол кезде ақша кішкене азайып, 50-60 мың теңге шамасында түсіп отырады.
Кәсіпкер алдағы уақытта үйінің іргесіндегі аумағы 1,5 гектарлық алма бағына күн панелдерін орнатпақшы. Себебі мемлекет тарапынан тұрғындарға тәулігіне 200 КВт-қа дейін электр қуатын өндіріп, қосымша табыс табуына рұқсат етілген.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов