Жалпыұлттық коалицияның қалалық штабы ашылды
Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалицияның қалалық штабы ашылды.
Штаб құрамына педагогтар, заңгерлер, дәрігерлер, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері кірді. Жалпыұлттық коалиция 5 саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық-саяси ұйым мүшелерінің басын біріктіреді. Олар жаңа Конституцияға қатысты халыққа түсіндіру және үгіт насихат жұмыстарын жүргізеді. Мақсат – жаңа Ата заң жобасының мән-маңызын бұқараға жеткізу. Жиын барысында коалицияның мақсат-міндеттері таныстырылып, алдағы жоспарлар айтылды. Сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси процестерге азаматтардың белсенді қатысуын арттыру жолдары талқыланады. Науқан аясында штаб мүшелері күніне 40-50 шақты кездесу өткізетінін хабарлады.
Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Референдумға шығып отырған Конституцияның көтерер жүгі зор. Өйткені бұл ел дамуын айқындайтын, әрбір адамға әсер ететін үлкен жауапкершілігі мол мүмкіндік болып тұр. Мысалы, біз ұлтық ғылым академиясының академигі ретінде бірінші жаңа Конституцияда арнайы бап беріліп, ғылым, білім, инновация еліміздің даму стратегиясының басты бағыты деп көрсетілді. Бұған дейін жоқ еді.
Майра Ілиясова, әнші:
- Біздің атқаратын жұмысымыз жастарға көбірек үйрету, түсіндіру, таныстыру. Өйткені жастар біздің болашағымыз. Барлық мектеп, Үкіметіміздің өсуі, өнуі нығаюы, жаңа Қазақстан деп жатырмыз, соның барлығы жастарға байланысты.