Өскеменде газ тарату қондырғылары толық жөндеуден өтеді

1960–70 жылдары салынған станциялардың тозығы жеткен.

Оларды қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлінді. 

Өскеменде көп қабатты 90 үй газға қосылған. Көгілдір отынды бір жарым мың абонент тұтынады. Бірақ ауладағы станциялардың техникалық жағдайы мәз емес. Ескі қондырғылар жиі сыр береді.

Владимир Грицай, облыстық қоғамдық кеңес жанындағы ТҮКШ  мәселелері жөніндегі комитет төрағасы:

- Газ болмай қалған жағдайда электр пешін қолданамыз. Бұл біз үшін қосымша шығын. Оның үстіне желілер тартпай қалады. 

Әбден ескірген газ қондырғылары қалалық әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің меншігінде. Оларды қалпына келтіру үшін бюджеттен қаражат бөлінеді.

Александр Светаш қалалық мәслихат төрағасы:

- Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында газ тарату қондырғыларын жөндеуге 30 млн теңге бөлу мәселесі қаралды. Өтініш қабылданды. Себебі қызмет көрсету компаниясы бұл жұмыстан бас тартамыз деп отыр. 

Қазір күрделі жөндеу жұмыстарын атқаратын мердігер анықталып жатыр. Олар газ станцияларын қалпына келтіріп, желілерді жаңартады. 

Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазір конкурс жарияланады. Оның қорытындысы бойынша келісім-шарт жасалып, жұмыс жоспары бекітіледі. 

Халықты газбен қамту мәселесін экологтар да көтеріп жүр. Олардың айтуынша, Өскеменнің ауа райына байланысты жер үйлерді көгілдір отынға қосу қажет. Қазір оны Павлодардан тасымалдау жағы қарастырылып жатыр. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин