«Бөрісырғақ» әлі де жалғасады
Астанада аяздың беті қайтты. 3 градустай ғана суық. Дегенмен Арқа өңірінде жел көтерілді. Сырма жүріп тұр. Әлсін-әлсін қар аралас жаңбыр жауады. Алдағы күндері бұрқасын соғады.
Жетісуда, батыста Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірлерінде де жел көтеріледі. Жалпы елдің басым бөлігінде желдің екіпні 20-23 метрге дейін жетеді. Қар жауса, кез келген уақытта боранға ұласуы ықтимал. Бөрісырғақ әлі де үш-төрт күнге жалғасады.
Алуа Саханова, Қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының жетекші инженері:
- Ақпан айының 13-ші жұлдызы күні Арқа төңірегіне бөрісырғақ кірді. Аспаннан сырғып түскен қардың құрамының бәрі дымқылдау болады. Бұл қапалақтап, жапалақтап жауатын қар емес. Бірақ табиғаттың жыл сайынғы бөрісырғағы осы сырғақпен өтеді дегенді білдірмейді. Бөрісырғақтың уақытында міндетті түрде табиғатта оқыс өзгерістер болады. Бұл енді бөрілердің осы уақытта жұптасып, ұрпақ сабақтастығына белсенді кірісетін кезеңі. Оны бір күнге байлап қоюға, нақты сағаты мен күнін айтуға болмайды. Біз бөрісырғақты ақпанның 13 мен 21 аралығы деп танимыз және оның төлін сәуірдің соңғы онкүндігінен күтеміз.