Астанада «Келешек мектептері» жобасымен 23 мектеп салынды
Жоба елордадағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жаңа білім беру нысандарының ашылуы қала мектептеріндегі жүктемені азайтып, үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешті. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған нысандардың бірі Есіл ауданында орналасқан №108 орта мектеп. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасы бір ауысымда 2000 оқушыны қабылдай алады. Қазір мұнда 1200 оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ жақында келешек мектептердің арасында алғаш рет дәл осы мектепте «Асық алаңы» ашылды. Ол ұлттық ойындарды насихаттап, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған.
Айбарша Әкімбек, №108 мектептің 9-сынып оқушысы:
- Бірінші ұнайтыны біз биыл қыркүйек айында Шымкент қаласынан көшіп келдік. Біздің үйіміздің алдынан жеткізу қызметі бар, жеткізіп салады. Мектепке баратын кезде және мектептен қайтатын кезде өздері алып келіп және апарып тастайды. Сонымен қатар мектеп керемет жағдай жасалған, коворкингтер бар. Бізде алтын сақа деген ашылды. Сол жерде 15 минуттық қоңырауда оқушылар келіп асық ойнайды.
Үміт Изатуллаева, қала тұрғыны:
- Үш ұлым №108 мектепте оқиды. Балаларыма өте ыңғайлы, үйдің қасында. 2,3 сыныпта оқитын ұл қыздарым сондай білімге деген құштарлығы ашылды. Мектепте керек жабдықтардың бәрі бар. Жайлы мектеп өзінің атына сай. Асық алаңы ашылды. Өзіміздің қазақи салт-дәстүрімізді еске түсіріп, балаларымызға үйреткен. Ола да өзінің асық ойнаған кезде балаларымыздың интеллектуалды, моторикасын дамытқанда пайдасы өте көп.