СҚО-да көктемгі тасқынға қарсы жедел әрекет ету тобы құрылды

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қарсы жедел әрекет ету тобы құрылды.

Оның құрамына құқық қорғау және жергілікті атқарушы билік органдарынан 2 мыңнан аса адам мен бір жарым мыңға жуық құтқару – инженерлік техникасы енгізілді. Қазір өңірде қауіпті аймақтар бақылауға алынып, қар шығару және арық жүйесін тазалау жұмыстары атқарылып жатыр. 

Петропавл қаласының тұрғыны Юрий Шамрицкийдің ауласы көктем сайын суға толады. 85 жастағы зейнеткердің қыс бойы қар күрейтін қауқары жоқ. Бүгін оған құтқарушылар, еріктілер мен коммуналдық қызмет мамандары келіп, үйдің алдын толық тазартып берді.

Юрий Шамрицкий, қала тұрғыны:                       

- Әйелім жүре алмайды. Өзім де үй шаруасына жарамаймын. Сондықтан қар шығарып жатқан жігіттерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Енді көктемді қорықпай қарсы алуға болады.

Мамандар жалғыз тұратын қарияларға ғана көмектесіп қоймай, қарға толып қалған суағарларын тазартып берді. Жалпы қала бойынша арық жүйесінің жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады.

Петропавлдағы су басуы мүмкін шағын аудандардың бірі – қала шетіндегі Жұмысшы кенті. Көктем кезінде негізгі қауіп еріген қар суынан келеді. Сондықтан мұнда арықтарды тазалау жұмыстары қарқын алды.

Солтүстік Қазақстан облысында биыл 112 елді мекенді су басуы мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметі қазір қауіпті аймақтарда тұратын 7 мыңға жуық адамды есепке алды. Енді оларға арнайы құтқарушылар тобы жөнелтіледі.

Әсет Шайкин, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

- Төтенше жағдайлар қызметкерлерінен құралған топтар наурыз айының басында қауіпті аймақтарға аттанады. Олар Уәлиханов, Ақжар және Есіл өзенінің бойындағы Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында шоғырланады.

Өңірде мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 82 млн теңге қарыстырылып отыр. Мамандар 7 аудан бойынша 42 учаскені белгілеп қойды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков