Медициналық сақтандыру қорында аудит
Президенттің қатаң сынынан кейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында мемлекеттік аудит басталды.
Қаржы министрлігінің айтуынша, тексеру шамамен 2-3 айға жалғасып, нәтижесі көпшілікке жарияланады. Өткен аптада мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында медицина саласындағы бюджет қаржысын жымқыру мәселесіне тоқталған болатын. Оның айтуынша денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйені өзара байланыстырмау салдарынан қазына қаражатын жымқыру әрекеттері жүзеге асырылған. Шығын көлемі аудит аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада болып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан және кімдер жасағанына қарамастан, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын. Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын.