Көкшетауда тұрғындар құқықтық кеңес алды
Көкшетауда «Заң және тәртіп» жобасы аясында «құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды.
Шарада облыс прокурорлары, полиция қызметкерлері мен әлеуметтік сала мамандары 100-ден астам тұрғынға құқықтық кеңес беріп, көмек көрсетті. Игі жоба өңірде осы айдан бастап жүзеге асырыла бастаған. Сол уақыттан бері 50-ге жуық акция ұйымдастырылып, 500-ден астам адам өзіне қажетті ақпарат алған. Мамандар, «бұл шара халық пен заң өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді»,-дейді.
Нұрсұлтан Алдашев, Ақмола облыстық Прокуратурасының басқарма бастығы:
- Бұл жерде біздің мақсатымыз халыққа, азаматтарға заң нормаларын тегін түсіндіру. Яғни қандай да бір туындаған мәселелері бойынша қандай мемлекеттік органға, қандай да тұрғын үй мәселесі болсын, білім саласы бойынша болсын тегін көмек алуға, қандай шаралар қабылдауға болатыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Гүлмира Сәрсенова, қала тұрғыны:
- Бүгінгі шараны әлеуметтік желіден көріп келдім. Көпбалалы ата-ана ретінде қатысып отырмын. Келудегі мақсатым мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға қандай көмек және қолдау көрсетілетінін білгім келді. Қойған сұрақтарыма қажетті жауап алдым. Барлық құзырлы орган өкілдері бір жерде ақпарат берді.