Шымкентте адам құқығы талқыланды
Шымкентте жыл басынан бері 2 сталкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар адамды аңдып, психологиялық қысым көрсеткені үшін сот шешімімен қамауға алынды.
Бұл туралы «Қыз тағдыры – ел тағдыры» атты форумда айтылды. Жиынға колледж бен жоғары оқу орындарының мыңнан астам студенті қатысты. Сонымен қатар, олардың ата-анасы да арнайы шақыртылып, қоғам белсенділері баяндама жасады. Арнайы сахналық көріністер арқылы қыз алып қашу дәстүр емес, ауыр қылмыс екені түсіндірілді. Форум «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдық санаға қозғау салу үшін ұйымдастырылған. Сала мамандарының айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қылмыстың алдын алуға оң әсер етеді.
Нұржан Әбдезов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі:
- БҰҰ-ның Бас ассамблеясында әйелдердің құқықтарын қорғауды зорлық-зомбылықпен тең деп таниды. Осыған сәйкес біздің мемлекетіміз де осы конвенсияны ратификациялаған. Яғни гендерлік тепе-теңдікті сақталуы бойынша да міндеттемелер алғанбыз. Осыған сәйкес осының барлығы профилактикалық шара болып есептеледі.
Жаңыл Спанова, қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы:
- Жауапты мамандардың барлығын қамтыдық. Кеңінен осы жағдайға жеткізбеу үшін сталкингтің, қыз алып қашудың қылмыс екенін түсіндіру үшін қоғам болып осындай жайттармен күрессек қылмыстардың алдын аламыз деп сенемін.