ШҚО-да мұз үстіне көлікпен шығып, балық аулағандарға айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысында мұз үстіне автокөлікпен шығып, балық аулаған 72 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құтқарушылардың айтуынша, жұрттың көбі қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Көлікпен Бұқтырманың ортасына дейін барып, сағаттап балық аулайтындар бар. 

Құтқару қызметі маусым басталғалы 1500 рет рейдке шыққан. Түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бірақ тыңдайтын құлақ жоқ. 

Мамандар дәл осы мезгіл аса қауіпті екенін айтады. Өйткені күн жылымық болып тұрғандықтан мұздың ойылып кету қаупі басым.

 Бұқтырмада мұз қабатының қалыңдығы 70 см-ден асады. Бұл айдынға жаяу-жалпылап шыққан адамға қауіпті емес, алайда автокөлікпен жүруге болмайды. Бірақ бұны елеп жатқан ешкім жоқ. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Құтқарушылар осылай мұз үстінде шақырымдап жаяу жүріп заң бұзып жатқандаарды анықтайды. Дәл қазір міне Бұқтырманың үстіне көлікпен шығып кеткен адамдарға қарай бара жатырмыз әлі талай жер бар. Қатты жел. Қалың қар,бұның асты мұз.

Қауіпке қарамай автокөлікпен мұз бетін шыққандар 30 мың теңге айыппұл арқалады. Олардың бәріне қауіпсіздік ережелері де түсіндірілді. Әсіресе демалыс күндері мұздың беті көлікке толып кетеді. Әрі демалушылардың бірде-бірі оқыс жағдайға дайын емес.

Әсет Сейілқұмаров, Самар ауданы ТЖБ басшысы:

- Қазір мұз қалың болғанымен техникамен шығуға болмайды. Кез келген кезде қайғылы жағдай болуы мүмкін. Барлығы осы маңайдағы ауыл тұрғындары. Біз осындағы бір адамнан құтқару кеудешесін көрмедік. Ал ол мұз опырылған жағдайда, құтқарушылар жеткенше адам өмірін сақтауға көп көмегін тиігізеді.

Талапқа бойсұнып, көлігін жағаға қойып, жайбарақат қармақ салып отырғандар да бар. Жақсылық Қабсейітов балық аулау жаныма тыныштық сыйлайды дейді. Кейді олжасыз қайтса да, айына бірнеше рет осында келеді.

Жақсылық Қабсейітов, әуесқой балықшы:

- Әр ер жігіттің хоббиі болып саналады, бірі аңшылыққа шығады бірі балыққа барады мен енді түсіндіре алмаймын, таңертең келесің кешке қайтасың.

Дегенмен, мұз үстінде жаяу жүрген балықшылардың қамыс жаққа бармағаны дұрыс, дейді мамандар.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мұз айдыны тұтастай қауіпті болғанымен әсіресе осы қамыстың маңайы қатерге толы дейді құтқарушылар. Өйткені бұл жердегі мұз тіпті жұқа, бірақ балық көп жиналады. Сондықтан болар балықшылардың көбі осы қамыстың арасында отырады.

Қыс басталғалы бері балық аулаймыз деп түрлі жағдайға тап болған 10 адам құтқарылды. Рейд шаралары Алтай, Ұлан, Күршім сияқты шалғай аудандарда да ұйымдастырылуда. Өйткені қазір күн райы құбылып тұр, сондықтан мұз қабаты лезде жұқарып, қауіпке айналуы ықтимал дейді құтқарушылар. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов