Үржарлық оқушы халықаралық жарыста дзюдодан топ жарды

Абай облысының спортшылары халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Солардың бірі Үржар ауданының тұрғыны Фархат Зейнолла. 11-сыныпта оқитын жас дзюдошы Индонезияның Джакарта қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Салауатты өмір салтын ұстанған қарапайым ауыл баласы, қатарластарын да спортқа баулып жүр.

Фархат Зейнолла дзюдо күресімен жеті жасынан бастап айналысып келеді. Бұл спорт түріне оны әкесі баулыған. Қазіргі таңда жас спортшы жаттығуын бір сәтке де үзбей, бар уақытын боз кілем үстіндегі белдесуге арнайды. Бүгінде жаттықтырушылары да оған үлкен сенім артады. Өздері болмаған жағдайда, ол жас шәкірттерді жаттықтырып, білген-түйгенін үйретіп жүр. Фархаттың басты мақсаты болашақта әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғау.

Фархат Зейнолла, жас спортшы:

- Ағайларым жоқ кезде осы залда мен тренер боламын. Өзім жаттығу өткіземін кішкентай балаларға. Үйретемін, әдістерді үйретемін. Болашақта әлем, олимпиада чемпионы болу. Осы әке-шешемнің, елімнің үмітін ақтау. Көк туымызды көкке желбірету. 

Жас балуан дзюдо күресінен Индонезия Республикасының Джакарта қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Түркияның Анталия қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогінде жүлделі орынға ие болып, елге олжалы оралды. Жанарыс Мәулетқажы Фархаттың сыныптасы әрі спорттағы сенімді серігі. Екеуі бір сыныпта білім алып, жаттығулар мен жарыстарға да бірге қатысып келеді. Қазір кезекті сайысқа тыңғылықты дайындық үстінде.

Жанарыс Мәулетқажы, жас спортшы:

- Мен Фархатпен кішкентай кезімнен доспын. Ол екеуіміз тренировкаға сабаққа бірге барамыз. Менің сыныбымда оқиды. Жарыстарға бірге шығамыз. Бірге дайындаламыз. Кішкентайларға өз білгенімізді үйреткіміз келеді.

Қазір жас спортшы Үржар ауданындағы Абай атындағы орта мектептің 11-сыныбында білім алып жүр. Ұстаздарының айтуынша, Фархаттың спорттағы жетістіктерімен қатар оқу үлгерімі де жоғары. Мектеп мұғалімдері талапты жасқа зор сенім артып, болашағынан үлкен үміт күтеді.

Әмина Ұлдызова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Сабақта өте зейіні жақсы. Жақсы оқиды. Көбінекей осы спортқа беймделген бала ғой. Қанша жетістіктері бар баланың, енді ол баладан біздің күтетініміз көп. Алда енді олимпиада чемпионы болсын деп ол балаға сенім артамыз. Мінезі кішіпейіл,ұстаздарды бәрін сыйлайды. Үлкенді сыйлай біледі, ақкөңіл бала.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бүгінде өңір спортшылары халықаралық дәрежедегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Былтырдан бері Абай облысының спортшылары республикалық жарыстардың өзінде 1708 медаль жеңіп алса, халықаралық додаларда 306 жүлде қоржынға түсті. Бұл спортшылардың жүйелі дайындығы мен табанды еңбегінің жемісі.

 Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков