Таеквондодан әлемдік Гран-при өтеді
Әлем үздіктері Астанаға ағылуда. Елордада таеквондодан жылдың басты бәсекелерінің бірі гран-при финалы өтеді. Оған 128 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың алдыңғы легі елімізге жетіп, жарыс алдындағы дайындыққа кірісті. Айта кетерлігі, еліміздің намысын төрт спортшы қорғайды, деп хабарлайды 24KZ.
49 келіде Рита Бакишева, 57 келіде Мария Севостьянова, 58 келіде Тамирлан Тілеулес және 80 келіде Батырхан Төлеуғали тізімге ілікті. Осы жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингілік ұпайлар беріледі және дәл осы көрсеткіш 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасы жолдамалары сарапқа салынғанда маңызды рөлді атқарады. Әлемдік гран-приді Астанадағы жекпе-жек сарайы қабылдайды. Байрақты бәсеке 28 және 29 қараша аралығында болады.
Ангелина Лукас 18-ші жеңісіне қол жеткізді. Кәсіпқой бокстағы қазақстандық қыз бұл жолы Германиядағы жекпе-жек кешіне қатысып, аргентиналық Аньелен Эспиносадан басым түсті. Артынша Ангелина WBC, IBF және IBO рейтингтерінде бірінші орынға көтерілгенін, қазіргі уақытта абсолютті әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алып отырғанын мәлімдеді.
Дзюдодан жасөспірімдердің әлем чемпионаты
Қоржынымызда қос медаль. Оның біреуі алтын. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама өкілдері екі медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 100 келіге дейінгі салмақта Санжар Ерланұлы барлық қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ол финалда Жапония өкілі Шокей Хиранодан басым түсті. Бұған қоса, дәл осы салмақ дәрежесіндегі Асқар Біржанов қола жүлдегер болды. Ал аса ауыр салмақта сынға түскен Әділжан Жаудинов бесінші орынға тұрақтады. Жарыстың соңғы күні командалық бәсекелер болып, Қазақстан құрамасы жапон спортшыларына 0:4 есебімен есе жіберді.
Құрлықтық хоккей лигасы
«Барыс» сегізінші орынға төмендеді. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін қазақстандық клуб соңғы кездесулерін сәтсіз өткізіп жүр. Олар жуырда ғана өз алаңында Минск қаласының «Динамосын» қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Соның салдарынан ұпай жоғалтып, Шығыс Конференциясында төмен сырғыды. Михавил Кравец баптайтын жігіттер келесі кездесуін де Астанада өткізеді. Бұл жолы Череповец қаласының «Северсталь» командасы келеді. Матч ертең, яғни 25 қараша күні 19:00-де басталады.