Ақтөбеде шорт-трек үйірмесіне бір айда жүзден астам бала жазылған

Бұрын кенжелеп қалған спорт түріне қызығушылық артты.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 спорт мектебінде 600-ге жуық жеткіншек жаттығып жүр. Бала көбейген сайын маман қажет. Сондықтан сырттан жаттықтырушы тарту жұмыстары да жүріп жатыр. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Спорт мектебінің дүйсенбі-жұма күндері санаулы минуттар ғана бос болады. Бұған дейін 9 бен 11 жас аралығындағы балалардың жаттығуы тәмәм болса, енді міне мұз айдынына 7 мен 9 жас аралығындағы балалар шықты. 

Бұл балалардың үйірмеге жазылып, коньки кигеніне бір айға жуықтады. Тепе-теңдікті сақтау, айқыштап жүру сияқты шорт-тректің негізгі қимылдарын үйреніп жүр. Шетелден шақыртылған маман байрақты бәсекеде топ жаратын спортшыны жеткіншек шағынан жетектеп, баптаған абзал дейді.  Қазір спорт мектебіндегі шорт-трек үйірмесіне 142 бала қатысады.  Жүзден астам оқушы мәнерлеп сырғанау үйірмесіне жазылған.

Наталья Плугина , жаттықтырушы:

- Бастысы, ынта мен ниет болуы қажет. Егер балалар жеңіске жетуге ынталы болса, ата-аналары да қолдау көрсетсе талдай биікті бағындыруға болады. Маған күніне бірнеше ата-ана хабарласып, балаларын үйірмеге алуымды өтінеді. Сондай қызығушылық болған соң жеңістердің де күні алыс емес. 

Мәулен Медеуов, оқушы:

-Бұрын мен каратэмен айналысқанмын. Екінші бес жылдай болып қалды ММА-ға қатысып жүргеніме. Одан кейін шорт-трекке келдім. Үйреніп жатырмын кішкене постепенно-постепенно ғой. Олимпиада чемпионы болуға тырысамын. Миша сияқты чемпион болғым келеді.

Зкт Балалардың қызығушылығы жоғары болғанымен, салада шешімін күткен мәселе көп. Шорт-тректе коньки тапшы. Жауаптылар биылдан бастап материалдық-техникалық базаны жаңғыртамыз дейді. Мәнерлеп сырғанауға да қосымша құрал-жабдық сатып алмақ. Одан бөлек,  қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтырушы жетіспейді,   Мысалы, мәнерлеп сырғанау мен шайбалы хоккейден бапкер тапшы.  Ал, биатлонды дамыту үшін, арнайы база жоқ.

Дархан Тәжіғұлов, "Мұз айдыны" облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Шорт-трекке жалпы 30 коньки бар. Бірақ балалардың көп келуіне байланысты қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу тарапынан тапсырыс беріп қосымша қосымша коньки аламыз. Себебі қызығушылық танытып жатқан балалар, спортшылар көп. 

Айта кетейік, 2018 жылы облыста шорт-трек федерациясы құрылды. Бұл ұйымның басты міндеті қысқы спорт түрін дамытып, жеткіншектерге қолайлы жағдай жасау. Жалпы бүгінде облыста  шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан бөлек шаңғы, биатлон және шайбалы хоккей үйірмелері ашылған. 4 спорт мектебінде жүздеген оқушы қысқы спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Қала мен аудандарда 6 шаңғы базасы жұмыс істейді. 3 жабық, 79 ашық хоккей алаңдары бар. Облыстан екі спортшының қысқы спорт түрінен Қазақстан құрамасына енгенін ескерсек, болашақта чемпиондардың шығарына сенім бар.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов