Жалпыұлттық коалиция мүшелері Түркістанға барды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы мүшелері Түркістан облысына барды.
Делегация өңір тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшеліктерін талқылады. Түрлі алаңдарда өткен кездесулерге зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Олар қайта жазылған тарихи құжатты қабылдаудың маңызына тоқталды. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысының «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналғанына тоқталды. Осы адал еңбек, адамгершілік құндылықтары және патриотизм қағидалары бүгінгі жаңа Конституция жобасына енгенін тілге тиек етті. Ал «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Рухабза Халдарбек Конституция жобасындағы ата-ананың жауапкершілігі туралы нормаға назар аударды.
Рухабза Халдарбек, «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының директоры:
- Отбасы істері және осал топтағы әйелдер мен балалардың мүмкіндіктерін арттыру бағытында жұмыс істейтін маман ретінде мен үшін 30-бап ерекше. Себебі жаңа Конституцияда отбасы институты анық көрсетілген. Бұл жерде ең бастысы: ана, әке, бала, яғни отбасы мемлекет қорғауында болады. Мұндай үштік біздің мемлекеттік тұрақтылығые сақтау.
Сондай-ақ коалиция мүшелері теміржолшыларымен кездесіп, мемлекет тарапынан еңбек адамына көрсетіліп жатқан қолдау шараларын сөз етті. «Шаға» индустриялық паркінің жұмысымен танысып, аймақта жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне тоқталды.