Ғалым. Ғұмыр. Ғибрат
Тіл білімінің сан саласын зерттеген сан қырлы Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына орай ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.
Оқырман қауымға бір мезетте екі құнды кітап таныстырылды. Алғашқысы академиктің өз еңбегі «Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» деп аталады. Қос томдықта диалектология, лексикология және лексикография бағыттары мен қазақ тіл білімінің тарихы, тіл мәдениеті, грамматика, лингводидактика, терминология мен емле және стилистика салалары қамтылған. Ал екінші «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» кітабында Шора Сарыбаев туралы естеліктер мен ой-толғамдар топтастырылған. Жалпы, ғалымның есімі түркі әлеміне де мәшһүр. Өйткені, тұңғыш боп түркінің аймақтық сөздігін жасаған. Сондай-ақ тіл білімі саласында 7 томдық еңбек жазған жалғыз адам. Бірақ, басқа да сыры мен қыры мол тұлға болатын,-деп еске алады шәкірттері.
Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі:
- Ұлы ұстазым академик Шора Сарыбаевтың тұғырлы тұлғасы, кісілікті келбеті, шығармашылық шыңы туралы өткен ғасырлық тойында бұл кісіні диалектология дарабозы, библиография білгірі, термин тілекшісі, сөз сарапшысы, футбол фанаты, күлкі королі,-деп суреттеп, баяндама жасаған едім. Бұл жан-жақты ғалым, сан қырлы Сарыбаев, - деп айдар тағып, егемен Қазақстанға мақала жаздым. Шәкірті ретінде бұл кісіден алған өнегем тек қана маған емес, бүкіл тілші қауымға үлкен өнеге болатын нәрсе.