Қарағанды облысында мұздағы қауіпсіздік қатаң бақыланады

Қарағанды облысында 25 адам мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзған. Ережені елемегендерге жалпы көлемі 600 мың теңге айыппұл салынды.

Қазір құтқарушылар бақылауды күшейткен. Күн жылынып, қауіп артты,- дейді мамандар. Мәселен жуырда Топар ауылы Шерубай-Нұра су қоймасында балықшы автокөлікпен мұз үстіне шығып, суға түсіп кеткен. Оқиға куәгері ер адамды дереу құтқарып қалды. Бұған дейін бұл аумақта тағы бір көлік суға кетіп, бір әйел  қаза тапқан еді. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, қажетті құралдарды алып жүру керегін ескертеді.

Өмірбек Төлеубаев, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біз тұрғындарға қауіпсіздік ережелері туралы үнемі айтамыз. Қазір мұз жұқарып жатыр. Сол себепті мұз үстінде абай болу керек. Автокөлікпен шығуға мүлде болмайды. Ата-аналар балаларын үнемі бақылауда ұстауы қажет.