Алматыда жастар жаңа Конституция жобасын талқылады
Алматыда белсенді жастар мен IT-саласының өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері қатысқан жиын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы робототехника орталығында өтті. Жиынға делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Оған Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Конституциялық комиссия өкілдері, қоғамдық институттар мен білім беру саласының басшылары, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Жаңа Конституция жобасы - ел дамуындағы жаңа кезең. «Ата Заңда адам капиталы ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындалды. Білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді», – деді премьер-министрдің орынбасары.
Болат Тілеп, Абай атындағы ҚАЗҰПУ ректоры:
- 2019 жылдан бері Президентіміз айтып келе жатыр Әділетті Қазақстан құрайық, азаматтарымыздың рухы, жаны, тәні таза болсын деп. Қоғамымыз қайырымды болсын. Заңдарымыз әділ болсын деді. Міне, осы құндылықтардың барлығын жаңа Конституция жобасынан табуға болады.
Дидар Ділдәбек, Алматы қ. «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Бұл жастарды - түсінігімізде тек қана болашақ деп қарамау керек деп өз басым есептеймін. Өйткені жастар елдің бүгіні мен елдің ертеңі. Жастар қазіргі таңнан бастап осындай өзгерістердің басы-қасында болатын болса, осындай өзгерістердің ішінде жүріп өздері саяси сауатты болатын болса, құқықтық сауатты болатын болса онда жарқын болашаққа жету жолында аянбай еңбек етеді деп мен өз басым сенемін.
Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Цифрлық Кодекс пен Жасанды интеллект туралы заңды қабылдады. Еліміз көп бағыт бойынша алда келеді, бұл межені ұстап тұру – жастардың қолында, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев. Мемлекеттің басты құжатында білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияға ерекше мән берілуі берік болашақтың кепілі екені анық.
Нұрдәулет Тасмырзаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ғылыми қызметкері:
- Қазіргі Ата заңымыздағы енгізіліп жатқан ғылымды қолдау және де жасанды интеллект, цифрландыруды қолдауға байланысты сол жердегі өзгерістерді біз қолдаймыз. Ол бізге алдағы уақытта көптеген мүмкіндіктер ашады деп сенеміз және Қазақстанға қолдау ретінде IT технологияларды енгізіп, өзіміздің отандық өнімдерді жасап шығуға үлкен үлесімізді қосамыз деп есептейміз.
Дамир Жаңаберген, Цифрлық технологиялар және работотехника халықаралық институты директорының орынбасары:
- Өзім осы салада жүргеніме 7 жыл болды. Біздің шеберханамыздың басты мақсаты жасанды интеллект, цифрлық инженерия және работотехника салалары. Мемлекет тарапынан ғылыммен, біліммен айналысып жатқан ғалымдарымызға үлкен мүмкіндіктер ашылған.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 проценттен астамы онлайн қолжетімді. Алайда интернет-алаяқтық қорғанысты күшейтуді талап етіп отыр. Сондықтан Конституция жобасында дербес деректерді қорғау және цифрлық ортада азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзекті, - деп атап өтті Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма басшысы Жұлдызай Ысқақова.
Жұлдызай Ысқақова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма басшысы:
- Біз қазір жаңа Конституция қабылдап жатырмыз. Бұл әрине, өте дұрыс қадам. Өйткені 1995 жылғы Конституция – ол тәуелсіздігімізді енді ғана алған кезеңнің құжаты. Сол уақытта біз мемлекет ретінде енді қалыптасып, қандай ел болғымыз келетінін жаңа ғана айқындай бастаған едік. Қазір тұжырымдар өзгеріп жатыр. Енді алға нақты мақсаттар мен міндеттер қойып отырмыз.
Алматы – елдің цифрлық орталығы. Мұнда Қазақстандағы IT-компаниялардың шамамен үштен бірі шоғырланған, олар елдегі IT-қызметтердің жартысынан астамын өндіреді. Сондықтан цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіту аса маңызды, - дейді сала мамандары. Коалиция мүшелері жастарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айбек Ақшолақов, Валентин Лобанов