Қостанайда қызылша дерті өршіп тұр
Қостанай облысында жыл басынан бері 140 адамнан жұқпалы дерт анықталған. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар. Олардың дені екпе алмаған.
Ақпан айында қызылшаның таралуы шарықтау шегіне жетті. Әсіресе Қостанай мен Арқалықта кең белең алған. Жұқпалы дертпен тіркелгендердің 80 проценті осы екі қалаға тиесілі. Қазір өңірде қызылшаға қарсы қосымша жаппай вак-циналау шарасы жүріп жатыр.
Гүлмира Мағзұмова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Қала емханаларында 1 жас және 6 жастағы балаларға жоспарлы тегін екпе жүргізіледі. Қостанай облысында қызылша жағдайларының тіркелуіне байланысты, бүгінгі күні 6 айдан - 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша иммундау жүргізілуде. Сонымен қатар егілмеген балалар арасында есесін толтыру вакцинациясы жалғасуда.