Жаңа Конституция еліміздің экологиялық қауіпсіздігінің негізі

Конституция жобасында адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы орта құру, табиғатқа ұқыпты қарау-іргелі қағидатты енгізу ұсынылып отыр.

Бүгін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деді. Жиында 2025 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған міндеттер айқындалды. Экология министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару және шығарындыларды мониторингілеу, орман өрттерінің ошақтарын уақтылы анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге баруды бақылау бойынша цифрлық жобалар кешені жайлы баяндады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өз сөзінде алқа отырысы еліміз үшін маңызды оқиға – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өткізіліп жатқанын  атап өтті.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Конституция жобасының ұсынылған редакциясында қоғамның басты сұраныстарының бірі адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы орта құру, табиғатқа ұқыпты қарау болып табылатын іргелі қағидатты енгізу болды. Сондықтан министрліктің жұмысы – қоршаған ортаны қорғауды, табиғи ресурсты ұтымды пайдалану мен көбейтуді, қоғамымыздың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде нақты нәтижелерге бағытталуы тиіс.